Бұқтырма көпірі өңір экономикасына серпін берді

Екі жыл бұрын салынған Бұқтырма көпірі Шығыс Қазақстандағы маңызды инфрақұрылымға айналды. Орталықтан шалғай қоныстанған жұрттың тірлігі түзеле бастады. 6 ауданға төте жолмен жетуге болады. Туризмнің тынысы ашылып, кәсіпкерлік те дамыды. Мысалы, Күршімдегі Құйған ауылы маңындағы жағажайда бұрын 10-15 мың адам демалса, енді бұл көрсеткіш үш есе артқан, деп хабарлайды 24KZ.

Бұқтырма су қоймасына 66 жыл бұрын су жиналды. «Бейнеқор содан бері арғы беттегі жұрт аралда қалғандай күй кештік», – дейді. Орталыққа қатынау қиындап кетті. Жазда екі арада паром жүрсе, қыста жолаушылар мұз үстіне көлікпен шығуға мәжбүр болды. Себебі айналма жол уақыт алды. Әр жылдары ондаған адам суға да кетті. Халықтың талай жылғы тілегі орындалып, Президент көпір салуға пәрмен берді. Осылайша, екі жыл бұрын елдегі ең ұзын өткел бой көтерді.

Эльмира Ахметова, тілші:

– Бұқтырма көпірі бұқара халық ондаған жыл күткен өлкедегі ең маңызды инфрақұрылым. Бұл өткел салынғанша арғы беттегі халықтың облысқа қатынауы кестемен жүрген паромға тәуелді болды. Енді барыс-келіс жеңілдеді. Бұл көпірмен қазір тәулігіне шамамен 500 көлік өтсе, жазда демалыс күндері он мың көлікке дейін өтеді.

Көпір салынғанғалы әсіресе Күршім, Марқакөлдегі ауыл тұрғындары бір серпіліп қалды. Бұрын жолдың жоқтығы көпшілікке қолбайлау болған еді. Енді кәсіпкерлікке бет бұрғандар көп. Медет Жақсыбайұлы шаруашылық заттарын сатады. «Бұған дейін тауарды жеткізе алмай әуре болатынбыз», – дейді.

Медет Жақсыбайұлы, кәсіпкер:

– Көпір жоқ кезде біз паром өткелі арқылы өткен болатынбыз. Өте қиын, жүк көлігі, үлкен тауарларды тасымалдау болды. Сондықтан қыс кезеңінде мұзбен жүру өте қауіпке соқты біз үшін. Қазір біз көпір арқылы күн-түн деп таңдамаймыз, жолға шығу қолайлы болды.

Туристер ағыны да артты. Күршімге ғана емес, Марқакөл, Зайсан, Үлкен Нарын, тіпті көршілес Қытайға баратын жолаушылар осы көпірмен өтеді. Солардың көпшілігі Фарида Серікованың балығынан дәм татпай кетпейді. Оның айтуынша, егер өткел айналасында сервис дамыса, келушілер қатары тіпті артады.

Фарида Серікова, ауыл тұрғыны:

– Күні-түні жүре береді. Туристер көп. Былтыр енді ғаламат болды. Енді өзгеріс керек қой. Мына жер кішкене ашық алаң болып тұр, мына жерге халыққа заправка да керек, демалып отырып, шай ішіп, біздің балығымызды жеп отырып, тамсанып, судың жағасы, міне судың лебі бар деген сияқты, отырғылары келеді, халық бәрі айтып жатыр оны. Дұрыс болар еді.

«Бұндай жоспар бар», – дейді сала өкілдері. Алдағы көктемде аумақты абаттандыру басталады. Дәмханалар мен шағын қонақүйлер, автотұрақтар салынады. Қысқасы, жолда демалуға жағдай жасалады.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданының әкімі:

– Енді, әрине, бір жазда бітіре аламыз ба ол бір сұрақ дегенмен жұмыстар басталып, біраз жоспарлаған міндеттер орындалады. Инвестор енді қазір біз сауда орындарына берілген орындар мен тамақтанатын, жаңағы кафе деп айтамыз ғой, тамақ ішетін орын. Енді оның өзі жоқ дегенде 80-90 млн-нан басталады. Арысы 150 миллионның арасына дейін бір инвестор осыншама қаражат салады.

Көпір салынғалы көш те азайды. Былтыр ауданнан 500ден аса адам қоныс аударса, биыл бұл көрсеткіш екі есе кеміді. Айтпақшы, жақында Алтай ауданында тау ішіндегі ең биік көпір салынып, қолданысқа берілді. Ол да туристік аймаққа апарар жолды жеңілдетті.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Сондай-ақ оқыңыз: