Қарағанды облысында ЖИ қылмыс ашуға көмектесіп жатыр
Биыл Қарағанды облысында жасанды интеллект көмегімен 2 мың 400 қылмыстық құқық бұзушылық ашылды.
Облыс аумағында 100 мыңнан астам бейнебақылау камерасы болса, біразына жасанды интеллект элементтері енгізілген.
Заманауи технологиял заң бұзғандарды тез табуға көмектеседі. Қоғамдық тәртіпті қадағалап қана қоймай, заңсыз қоқыс полигондарын да анықтайды. Бұл полицияның жұмысын жеңілдетті- дейді жауаптылар.
Жолды бағдаршамның қызыл белгісіне қарамай кесіп өткендерді енді полиция ғана емес, жасанды интеллект те бақылайды. Жауынгер-интернационалистер көшесінде бет-әлпетті тану жүйесі орнатылған бағдаршам іске қосылды. Камералар жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерді тіркеп, олардың жеке басын анықтайды. «Ақылды» жүйе қазірдің өзінде 300-ден астам құқықбұзушыны тіркеген. Олардың арасында балалар ғана емес ересектер де бар.
БЛИЦ:
- Негізінде бұның барлығы дұрыс деп ойлаймын. Өйткені адамның қауіпсіздігі, өзінің өміріне деген, соның барлығы, осы камера арқылы штраф салғанда ертең ол екінші рет қайталамайтын болады.
- Дұрыс өйткені жаңағы апаттық жағдайларды болдырмайды. Кейбір машина жүргізушілер жаңағы қызылға тоқтамай өтіп кетуі мүмкін. Штраф салып жатқаны да өте дұрыс.
Өңірдегі камералар қоғамдық тәртіпті бұзғандарды жедел табуға, және құқыбұзушылықтың алдын алуға көмектеседі. Жүйеге облыс бойынша 41 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған. Оның мыңнан астамы бейнесараптама жасайды. Яғни адамның бет-әлпетін танып, көлік қозғалысын, жүрген маршрутын бақылай алады. Биыл осы жүйенің көмегімен полицейлер іздеуде жүрген 18 адамды ұстады. Ал оқиғаларға жедел әрекет ету үшін облыста Жедел басқару орталығы жаңартылып, қала мен аудандарда 12 бөлімі ашылды.
Тимур Кашкеев, ПД Цифрландыру басқармасы бастығының орынбасары:
- Сексен пайыз қылмыстардың бәрі ашылуда осы камера арқылы. Қарағанды облысында қазір 108 530 камера бар. Қазір участковыйларда планшеттер бар. Соларға бүкіл ақпарат планшеттеріне келеді.
Цифрлық технологиялар полицейлердің күнделікті жұмысын анағұрлым жеңілдетті. Патрульдік полиция енді ішіне бейнекамера орнатылған смарт-бейдждерді пайдаланады. Ал учаскелік инспекторлар үшін арнайы цифрлық жүйе енгізілген. Ол өз аумағындағы тұрғындар туралы мәліметтерді жинап, жаңартып отыруға және азаматтардың өтініштерімен жылдам жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар полиция қызметінде жағдайды бақылау және құқықбұзушылықтарды анықтау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары да қолданылады. Полицейлердің айтуынша, басты мақсат- камера мен техника санын көбейту ғана емес, жұмыстың жеделдігі мен тиімділігін арттыру.
Авторы Руслан Нұрланұлы