«Жаңаөзен кәсіпкерлері»: төрт жылда 345 келісімшарт жасалды
Жаңаөзенде 2022-2025 жылдары жергілікті кәсіпкерлермен 221 млрд теңгенің 345 келісімшарты жасалды. Соның нәтижесінде 1 400-ден астам жұмыс орны ашылған. Бұл туралы Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Аққу Айтжанова 24KZ телеарнасына берген сұхбатында айтты.
Бұл нәтижеге «Жаңаөзен кәсіпкерлері» атты арнайы тетік арқылы қол жеткізілген. Ол 2021 жылы Кәсіпкерлер палатасының бастамасымен енгізіліп, 2022 жылдан бастап жүзеге аса бастаған. Тетік жергілікті кәсіпкерлердің квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысуына мүмкіндік берген.
2022-2025 жылдары Жаңаөзен кәсіпкерлерімен 345 келісімшарт жасалып, жалпы сомасы 221 млрд теңгеге жетті. Соның арқасында 1 400-ден астам жұмыс орны ашылды, – деді Аққу Айтжанова.
Оның айтуынша, Жаңаөзенде сынақтан өткен бұл тәжірибені қазір басқа өңірлерге де енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бастама сәтті болғандықтан, бірнеше облыста пилоттық режимде іске қосу үшін сараптама жүргізілуде.
Маңғыстау облысында кәсіпкерлер көтерген мәселелердің 60%-ы шешілген. Алайда субсидия бөлу мен халықаралық конвенцияларға қатысты сұрақтар әлі күнге дейін өзекті.
Сонымен қатар былтыр кәсіпкерлердің құқығын бұзған 6 мемлекеттік қызметкерге шара қолданылған. Кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерінің шағымдарын қараумен қатар, құқық бұзушылыққа жол берген қызметкерлердің жауапкершілігін де көтереді.
Ал бизнеске тексеру жүргізуге 2027 жылдан бастап енгізілетін үш жылдық мораторийдің нәтижесі бірден байқалмауы мүмкін. Аққу Айтжанованың айтуынша, оның тиімділігін бағалау үшін кемінде бір-екі жыл қажет.
Мораторий жарияланғаннан кейін бизнес бірден жанданып кетпейді. Кәсіпкерлер біртіндеп жұмысын жолға қойып, жаңа жобаларды іске асыра бастайды. Сондықтан оның нәтижесін бір-екі жылдан кейін көруге болады, – деді ол.