Зертханадағы жаңалық миллиондық бизнеске айнала ала ма?

фото: ЖИ

Ғылыми жаңалықтардың зертхана қабырғасында қалып қоймай, өндіріске енуі үшін бизнес, ғылым және мемлекет арасында тығыз байланыс болуы керек. Ал ғылыми жобаларға қаржы бөлумен қатар, оларды нарыққа шығаруға көмектесетін инфрақұрылымды дамыту маңызды. Бұл туралы Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик Кәрімбек Құрманәлиев 24KZ арнасына берген сұхбатында айтты.

Академиктің сөзінше, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізудің басты шарттарының бірі – нарықтағы сұраныс. Кәсіпорындар ғалымдардың жобаларына қызығушылық танытып, олардың нәтижесін іс жүзінде қолдануға дайын болуы қажет.

Бұл – бизнес, ғылым және өндіріс. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы керек. Осы үш тағанның арқасында ғылымды дамыта аламыз, деді ол.

Кәрімбек Құрманәлиевтің айтуынша, ғалымдарға ғылыми жобаны әзірлеумен қатар, оны бизнес-жобаға айналдыру, маркетинг жүргізу және экономикалық тиімділігін есептеу жолдарын меңгеру қажет. Ол үшін университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының жанынан әзірлемелерді өндіріске енгізуге көмектесетін арнайы құрылымдар ашу маңызды.

Сонымен қатар академик ғылымға инвестиция салатын кәсіпкерлерді ынталандыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, ғылыми жобаларды өндіріске енгізуге қолдау көрсеткен бизнес өкілдеріне салықтық жеңілдіктер қарастыруға болады.

Бизнес өкілдерін қызықтырып, ынталандыруымыз керек. Сонда ғалымдардың да абыройы өседі, өндіріс те үлкен жетістіктерге жетеді, – деді академик.

Сұхбат барысында ғылымды қаржыландыру мәселесі де қозғалды. Соңғы бес жылда бұл бағыттағы қаржы көлемі 3,5 есе өскені айтылды. Кәрімбек Құрманәлиевтің пікірінше, мұндай қолдау ғылыми зерттеулердің нәтижесін өндіріске енгізуге, жас кадрларды ғылымға тартуға және отандық әзірлемелерді кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Оның айтуынша, ғылыми жобаларға бөлінген қаржының тиімділігі олардың нақты нәтижесімен бағалануы керек. Өйткені зерттеу жұмыстары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға тиіс.

Бұл – жай ғана қағазға жазылған жобалар емес, ертең елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін бастамалар. Сондықтан бөлініп жатқан қаржының маңызы зор, – деді Кәрімбек Құрманәлиев.

Сондай-ақ оқыңыз: