Өңірдің 10 оң өзгерісі: Ақтөбе облысы
Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орай қолға алынған «Өңірдің 10 оң өзгерісі» айдары жалғасады. Бұл жолы Ақтөбе облысының биылғы жетістіктері мен жүзеге асқан жобаларын назарға алдық. Өңір спорт, білім, ғылым және өндіріс салаларында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым жаңарып, жаңа инвестициялық жобалар қолға алынды, деп хабарлайды «24KZ».
1. Азия ойындары: Ақтөбелік спортшылар 6 медаль жеңіп алды
Ақтөбе облысының спортшылары «Аичи-Нагоя 2026» Азия ойындарында алты медаль жеңіп алды. Оның үшеуі – алтын, екеуі – күміс, біреуі – қола. Бұл – өңір спортшыларының соңғы 24 жылдағы ең үздік көрсеткіші. ММА спортшылары Қ.Шынбаев пен Е.Бүркіталин, сондай-ақ семсерлесуші Е.Сертай Азия ойындарының чемпионы атанды. Дзюдошы А.Алмат пен каратэші Н.Ажиканов та жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2. Ғалымдар радиацияны зерттейтін мобильді құрылғы әзірледі
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары радиацияны зерттеуге арналған мобильді спектрлік кешен жасап шығарды. Салмағы небәрі үш келі болатын құрылғы бір спектрді шамамен бір минутта өлшей алады. Бұған дейін мұндай зерттеуге 20-30 минут уақыт қажет болған. Жаңа әзірлеме Астанадағы Ядролық физика институтының үдеткішінде сынақтан өтті. Сонымен қатар Германияның Гамбург қаласындағы зертханада да зерттеу жұмыстары жүргізілді.
3. Биыл өңірде 11 жаңа мектеп ашылды
2026 жылы Ақтөбе облысында 11 жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл апатты жағдайдағы мектеп ғимараттарының мәселесін шешуге, оқушы орындарының тапшылығын азайтуға және үш ауысымды оқытуды жоюға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, өңірдегі сегіз мектеп реновация бағдарламасы аясында жаңғыртылды.
4. Алғада жаңа балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын бастады
Алға қаласында №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмысын бастады. Мұндағы алғашқы бағыт – жүзу спорты. Қазір секцияға 150 бала қабылданған. Жаттығулар екі ауысымда өтеді. Алдағы уақытта волейбол, футбол, баскетбол, дзюдо және үстел теннисі сияқты тағы жеті спорт түрін дамыту жоспарланып отыр.
5. Байғанинде 176,9 млн долларлық цемент зауыты салынып жатыр
2026 жылғы мамырда Байғанин ауданында «QazCem Industries» ЖШС цемент зауытының құрылысына кірісті. Жобаның инвестициялық құны – 176,9 млн доллар. Кәсіпорын жылына 1,3 млн тонна цемент өндіруге қауқарлы болады. Қазір құрылыс кезеңінде 187 жұмыс орны ашылған. Зауыт іске қосылғаннан кейін 250-300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
6. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қуат» кешені ашылды
Ақтөбе қаласында ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи «Қуат» спорт кешені пайдалануға берілді. Нысанның аумағы 4,9 мың шаршы метрге жуық. Мұнда күніне 500 адамға дейін қабылдауға мүмкіндік бар. Кешенде паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерін қоса алғанда, 20-дан астам бағыт бойынша жаттығу ұйымдастырылған.
7. Балалар робототехника мен жасанды интеллектті тегін меңгере алады
Өңірде жас ұрпақтың цифрлық сауатын арттыруға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынды. Қобда ауданында «IT-балабақша» пилоттық жобасы іске қосылса, Ақтөбе қаласында AQTOBE IT HUB білім беру орталығы ашылды. Балабақша тәрбиеленушілері робототехника, құрастыру және бағдарламалау негіздерін меңгереді. Ал IT HUB орталығында мектеп оқушылары мен студенттер бағдарламалау, жасанды интеллект, 3D-модельдеу және өзге де цифрлық бағыттарды тегін үйрене алады.
8. Қарғалыдағы тәлімбақта 1,4 млн көшет өсіріліп жатыр
Қарғалы ауданында аумағы үш гектар болатын тәлімбақ жұмыс істейді. Мұнда қарағаш, терек, тал және қайыңның 1,4 млн көшеті өсірілуде. Бұл өңірді көгалдандыруға және жасыл желек көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
9. Шыны ыдыс шығаратын зауытқа 150 млн доллар инвестиция салынады
2026 жылғы қазанда Ақтөбе қаласында шыны ыдыс өндіретін зауыт салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қойылды. Жобаға шамамен 150 млн доллар инвестиция тарту көзделген. Кәсіпорын жыл сайын 256 млн дана шыны ыдыс шығаруды жоспарлап отыр. Құрылыс кезеңінде кемінде 500 жұмыс орны ашылады. Ал өндіріс іске қосылғаннан кейін 300-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
10. Макулатура өңдейтін жаңа зауыт салынып жатыр
Ақтөбе қаласында қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа кәсіпорынның құрылысы жүріп жатыр. Зауыт тәулігіне 150 тонна макулатура өңдеп, жылына 42 мың тонна дайын өнім шығаруға қауқарлы болады. Жоба өңірдегі қалдықтарды қайта өңдеу саласын дамытуға және қайталама шикізатты тиімді пайдалануға бағытталған.