Алматыда шетелдік жастарды тартып, 3,6 млрд теңгені заңсыз айналымға салғандар анықталды

фото: кадрдан

Алматыда үш адам заңсыз криптовалюта операциялары мен онлайн-казиноның қаржылық айналымына қызмет көрсету үшін дропперлер желісін ұйымдастырған. Олардың схемасы арқылы 3,6 млрд теңгеден астам қаражат өткен. Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті тергеуді аяқтап, қылмыстық істі сотқа жолдады, деп хабарлайды 24KZ.

Тергеу мәліметінше, күдіктілер делдалдар арқылы Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан. Олардың Қазақстанға келу шығынын, баспанасы мен тамағын төлеп, телефон және SIM-карталар берген. Ал шетел азаматтары ақшалай сыйақы үшін банк шоттарына қол жеткізу құқығын беріп, кейін елдеріне қайтқан.

Осы шоттар арқылы лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу-сату операциялары жүргізілген. Бұдан бөлек, күдіктілер «SkyPhoenix» халықаралық төлем платформасы арқылы «Pinco», «Pinup», «Nomad Games», «Sultan Games» және басқа онлайн-казинолардың қаржылық операцияларына қызмет көрсеткен.

Заңсыз схеманы ұйымдастырушылар түскен қаражаттың 4%-ын сыйақы ретінде алып отырған. Олар ойыншылардан төлем қабылдап, ұтыстарды төлеген. Сондай-ақ заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылардың табысын криптовалютаға айырбастап, шығарып беруді қамтамасыз еткен.

Екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз: