Жыл басынан бері автокөліктерде 2056 рет өрт тіркелді
Елде жыл басынан бері автокөліктерде 2 мың 56 өрт болды.
Ақмолалық құтқарушылар жүргізушілерге өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Республикалық онкүндік аясында тас жолдардағы автокөліктердің техникалық жай-күйіне ерекше назар аударылды. Мамандар электр сымдары мен отын жүйесінің жарамдылығын үнемі тексеріп отыру, жанармайдың ағып кетпеуін қадағалау, салонда жарамды өрт сөндіргіш ұстау және оны қолдана білу қажеттігін еске салды. Профилактикалық акция аясында ұйымдастырушылар жүргізушілерге автокөлік өрт сөндіргіштерін табыстады.
Бақытжан Алашов, Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы:
- Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен өрт қауіпсіздігінің онкүндік акциясы жүріп жатыр. Соған байланысты облыс бойынша осы жетінші күні автокөліктердің өрт қауіпсіздігі туралы акция жүргізілуде. Жеке құрамнан 1700-дей адам осы түсіндіру жұмыстарымен айналысуда. Біздің өңірде жыл басынан бері 91 автокөлік жану фактісі орын алған.