Отандық дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрек қақпақшасын ауыстырды
Отандық медицинаның тағы бір жетістігі. Отандық дәрігерлер 98 жастағы науқастың жүрек қақпақшасын ауыстырды, деп хабарлайды 24KZ.
Күрделі операцияны Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасады. Бірегей ота небары 45 минуттың ішінде жүргізілген. Пациенттің жасына байланысты дәрігерлер заманауи TAVI технологиясын қолданған. Бұл әдіс жүрек қақпақшасын кеуде қуысын ашпай ауыстыруға мүмкіндік береді. Қазір қарияның жағдайы жақсы. «Жаңа қақпақша толыққанды жұмыс істеп тұр», – дейді дәрігерлер. Айта кетейік, осыдан бес жыл бұрын дәл осындай операция 94 жастағы, төрт жыл бұрын 96 жастағы науқасқа сәтті жасалған еді.