Астанада бирма боксынан Қазақстан біріншілігі өтіп жатыр
Былғары қолғап бәсекесі, ел тәуелсіздігінің 35 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды. Биыл жарыстың ауқымы кең, деп хабарлайды 24KZ.
Өзара мықтыны анықтау үшін 15 өңірден 300-ден аса спортшы жиналды. Олардың арасында жасөспірімдер де, ардагер қатысушылар да бар. «Бұл спорттың ерекшелігі оның қауіпсіз болуында», – дейді Азия чемпионы Руслан Қалиев.
Руслан Қалиев, бирма боксынан Азия чемпионы:
– Осы спорт түрін көріп, қауіпсіздікке баса мән берілетініне қызықтым. Қатысушылар арнайы дулыға, шынтақ пен тізеге қорғаныш құралдарын киеді екен. Жарақат алу қаупі жоқ. Үш төреші бақылайды. Бәрі жақсы ұйымдастырылған.
Юрий Белянин, бирма боксынан қалалық федерацияның атқарушы директоры:
– Бұл чемпионат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналды. Сондықтан жарысқа қатысушыларға арнайы сыйлықтар мен жүлделер дайындадық. Бұл азаматтардың осы спорт түріне деген қызығушылығын арттырады. Жалпы, бирма боксы бұқаралық спорт түріне айналуы керек деп ойлаймыз. Бұл спортта жарақат алу қаупі өте төмен. Сонымен қатар спортшы жан-жақты дамиды.