4 петиция назарға алынды

«Қоғамдық бақылау туралы» заң күшіне енгелі азаматтарға электрондық петиция бере алатын ресми сайт іске қосылды, деп хабарлайды 24KZ.

Онда небәрі 2 ай ішінде, 40-қа жуық петиция жарияланған. Алайда 4-еуі ғана тиісті қол жинап, жауапты ведомстволардың қарауына өтті. Жалпы петицияны кімдер бастай алады? Электрондық жүйені қолданушылардың құқығы мен міндеті қандай?

Дидар Смағұлов – «мемлекеттік қызметшілерге құмар ойын ойнауға тыйым салуды» қарастыратын петицияның авторы. Оның айтуынша, елімізде бюджет қаржысын жымқыру фактілері жиі кездеседі. Ал қалтаға басқан ақшаны шенеуніктер казиноларға жұмсайды. Сондықтан оны шектеу қажет. Автордың ұсынған петициясы 10 күн ішінде 50 мың қол жинап, Туризм және спорт министрлігінің назарына алынды.

Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:

- Наразылық тудыратыны, шенеуніктер мемлекет қаражатын жұмсайды әртүрлі казиноға. Біз оны басқа қылмыстық істердің құжаттарынан білеміз. Басқа қылмыстық істерді тергеу кезінде жымқыру фактілері, қызметін асыра пайдалану фактілері кезінде өз сөзінде айтады: «Мен казиноға бардым, букмекерге тіктім».

Петицияны «E-Petition.kz» порталына оның тақырыбын айқындап, қарауына ұсынатын ведомствоны белгілеу арқылы бастауға болады. Аудандық деңгейдегі петицияларды ең аз дегенде 2,5 мың азамат қолдауы керек. Ал Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың азаматтың қолы қажет. Егер тиісті қол жиналса, онда жауапты орган мобильді топ құрып, петиция авторы және сарапшылармен бірлесе мәселені қарайтын болады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл тікелей демократия институты болып табылады. Әрбір азамат өзінің түсінігі, пайымында «мынау республикалық дәрежеде қаралатын мәселе» немесе «мынау – облыстық, аудандық, ауылдық мәселе» деп тіркейтін болса, ол Қазақстанның азаматы, өз аты-жөнімен, ЖСН-мен тіркеліп, ол міндетті түрде белгілі бір дәрежелік, Үкімет, аудан немесе қала әкімдігі дәрежесінде талқыланып, сол азаматтар шақырылып, ол жерге сарапшылар, мамандар жиналып, «бұл дұрыс па, бұрыс па» деген сияқты баға беріліп, шын көңілге қонымды, нақты іске асырылатын шаруа болатын болса, оны іске асыруға толық мүмкіндік беретін тікелей демократиялық құралы.

Әр адам жеке сәйкестендіру номерін белгілеп дауыс бергендіктен, ол екінші рет петицияға қол қоя алмайды. Оған тек Қазақстан азаматы атсалыса алады. Сондай-ақ аймақтық мәселе болса, онда оған сол өңірдің тұрғындары ғана қатысуға құқылы.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

- Тіпті жарайды, 50 мың дауыс емес, 49 мың дауыс жинау мүмкін. Яғни Үкіметке, депутаттарға, басқаларға бұл – кәдімгідей сигнал. Кез келген Мәжіліс депутаты «е-петиция» сайтына кіріп, «біздің ауыл тұрғындарын не алаңдатып отыр екен» немесе «ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп тұрғындарын не алаңдатты» деп кез келген петицияны тілге тиек етіп, депутаттық сауал жасауға, Үкіметке, басқаға шағымдануға немесе сол петицияны жасақтаған азаматтармен кезігіп, кездесу өткізе алатын толық мүмкіндігі бар.

Осындай қоғамдық қатынастарды демократияландыру және халықпен кері байланыс орнату шарасына Президент бастамашы болған еді. Былтырғы қазан айында Мемлекет басшысы «Петиция» тармағы айқындалған «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қол қойды. Ол биыл сәуір айында күшіне енді. Содан бері электрондық порталда 40-қа жуық петиция жарияланды. Дегенмен сарапшылар қарауға жатпайтын тақырыптардың барын еске салады. Электрондық жүйедегі арнайы батырмада «петиция нысаны бола алмайтын» тақырыптар тізімі шығады. «Сондықтан жеке бас араздығына қатысты емес, нақты халықты толғандыратын мәселе бойынша ғана петицияны бастаған дұрыс», – деп отыр.

Сағидолла Баймұрат, заңгер:

- Әділетсіздікті немесе заңсыздықты көріп отырған адамдар петицияны жазады. Егер сондай ситуацияны көретін болсаңыздар, ол сұрақты көтеріңіздер. Шықса шығады, шықпаса заңға қайшы деген сөз. Петицияны жүзеге асырудың сауаты керек, мәдениеті керек. Себебі оны жазған кезде түсіндіріп жазу керек, ешкімнің ар-ожданына зиян келтірмеу, тіл тигізбеу деген сияқты мәселелер бар.

Қол жинау мерізімі – 6 ай. Қазір 4 петиция тиісті қолдауға ие болып, жауапты ведомстволардың назарына алынып отыр. Әрі қарай мемлекеттік орган жұмыс тобын құрып, қоғамдық талқылау жүргізеді. Нақты нәтижелері анық болғанда ғана шешім қабылданады.

Авторлары: Альмира Оразбай, Абдулхамит Бөлекбаев.