Түркістан облысында мектеп формасына 2 млрд 600 млн теңге бөлінді
Түркістан облысында 60 мыңнан астам балаға мектеп формасын алу үшін бюджеттен 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды 24KZ.
Оқу жылы қарсаңында атаулы көмек алушылар мен аз қамтылған отбасыдан шыққан әр балаға 43 500 теңгеден үлестіріледі. Ал енді акцияға іліккендер бірреттік көмек қаржыға толық киіне ала ма?
4 баланың анасы Нази Қараманова мектеп формасының бағасы қымбаттағанын байқаған. Нарықты салыстырып, әлеуметтік дүкенге арнайы келді. Қазір орта есеппен бір баласын бастан-аяқ киіндіруге 40 мың теңге мен 80 мыңның арасында ақша жұмсалатынын айтады.
Нази Қараманова, Сайрам ауданының тұрғыны:
- Даярлықтағы қызыма 40 мың теңге кетеді. Үлкеніме шамамен 70-80 мың кетеді. Өйткені үлкен, жасөспірім болғаннан кейін мына жақтан таппайсың. Алтыншы сыныпқа 50 мың жетеді. Қазір тек форма алдық. Оқу құралдарын алып жатырмыз.
Сұраныс көбейгенде бағаны бақылауда ұстау қиындайды. Кейбір сауда орындарында оқу жылы қарсаңында баға шарықтаса, өзгесі, керісінше, жеңілдіктер ұсынған. Сондықтан мамандар: «Мектеп киімі мен оқу құралдарын сатып аларда нақты тізім жасақтау арқылы ақшаны артық жұмсамауға болады», – дейді.
Арай Үсенқызы, сатушы:
- Базардағы бағадан дүкендегі баға әлдеқайда арзанырақ. 2 есе деп айтсам болады. Әсіресе «рубашкаларды» өзім көргенімдей 4 мың, 4,5 мың теңгеден басталады. Тура бізге де сондай фирмадан келеді. Пекин және Қырғызстан ғой. Бізде бар-жоғы 2180 теңге.
Биыл көпбалалы Арзимқұловтар отбасында 5 оқушы мектепке барады. Егіздер мен үшімдер арасында өзара киім алмасу үйреншікті жағдайға айналған. Форма үшін ата-анасы аз-кем шығындалса, оқу-құралдары мектепке жол акциясы аясында үлестіріледі.
Зухра Арзимқұлова, Сайрам ауданының тұрғыны:
- Қазір мектепке дайындалып жатырмыз. Әкем келгеннен кейін киінуге барамыз. Біз алмасамыз. Фатиманікін мен киемін. Менікін сіңлілерім киеді. Ауысып кие береміз.
Түркістан облысында барлығы 60 693 балаға мектеп формасын алуға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Ал Шымкентте көпбалалы отбасынан шыққан және аз қамтылған 56 мың оқушы қажетті оқу-құралымен қамтылады. Сонымен қатар ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен төтенше жағдайға тап болғандар да бірреттік қаржылай көмекке ие бола алады. Бұл мақсатта әр балаға бюджеттен 43 500 теңге бөлінді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.