Алматы мен Қаскелең арасына алты жолақты жол салынады
«Алматы-Ташкент» халықаралық күре жолының 8 шақырымы толық жөнделіп кеңейтіледі.
«Қазавтожол» мекемесі жолды алты жолақты етіп, қосымша екі айналма көпір салуды жоспарлайды. Қазір оның жобалық-сметалық құжаттары дайын. Құрылыс жұмыстары қашан басталады? Тақырыпты Алмас Садуақас жалғастырады.
Көлік кептелісінің негізгі себебі - күре жолдың 26 шақырымындағы осы жаяулар өтетін жолақ. Ерте таңда қаладағы жұмысына, кешке ауылына асығатын жүргізушілердің осы тұстан өткенше жүйкелері жұқарады.
Алмас Садуақас, тілші:
«Дәл осы жаяу жүргіншілер жолағы жолдың екі бағытындағы көлік қозғалысын тежейді. Содан кептеліс пайда болады. Адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Бұл жерге бағдаршам орнатып немесе көпір салу қажет дейді тұрғындар».
Алмалыбақ ауылының тұсында көпір бар. Бірақ тұрғындар оны алыссынады. Сондықтан да жолдан үйреншікті жерден өткенді ыңғайлы көреді. Кейде көлік тоқтамайды.
Ермұхан Қожахметов, Алмалыбақ ауылының тұрғыны:
«Адамды қағып жатқан бар ғой. Жақында және қақты. Ертең және қағады. Мынау болмайды ғой мына тұрысында. Светофор керек. Ар жақтан былай орталыққа қойса. Кішкене үлкейту керек мынаны. Көпір салса болады».
Алматыда жұмыс істейтін жүргізушілер бұл маңнан ертерек өтіп кетуге тырысады. Ал үлгермегендер кептелісте тұруға мәжбүр.
Блиц:
«Ылғи пробка, постоянно кешігеміз».
«Жасау керек жолдың бәрін. Тегістеу керек. Күнделікті ходовка міне. Машина шаршаған. Мост керек. Күнде таңертеңнен кешке шейін пробка».
Кептелістің қалыптасуына бір-ақ себеп бар. Қарасай ауданы, Ұмтыл ауылдық аймағынан шығып, Алматыға баратын көліктер Үлкен Алматы айналма жолына түсе алмайды. Сондықтан «Алматы-Ташкент» күре жолына шығып, кері айналулары керек. Жол тар болғандықтан бұрылысқа кірген машиналар қарсы бағыттағы қозғалысқа кедергі келтіреді. Мәселені реттеу үшін жолды кеңейту керек. Оның жобасын «Қазавтожол» мекемесінің облыстық филиалы әзірледі.
Шыңғысхан Мұратбекұлы, "Қазавтожол" ҰК АҚ ОФ директорының орынбасары:
«Қазіргі уақытта «А2» яғни, «Алматы-Ташкент» халықаралық тас жолының 18 шақырымынан бастап жолды кеңейту жұмысы қолға алынып жатыр. Жобасы дайын. Қаскелең қаласына дейінгі аралық 6 жолақты болады. Жобаға сәйкес екі айналма көпір мен жаяу адамдарға арналған 6 көпір салу жоспарланып отыр. Бұл жұмыс келесі жылы ғана басталады».
«Күн сайын бұл жермен 70 мың автокөлік жүреді»,-дейді мекеме мамандары. Бұл көрсеткіш одан да көп екені анық. Тар жолдағы кептеліс 5-6 шақырымға созылады. Ертелі-кеш кептелісте тұру кімге ұнасын. Жолды кеңейту жұмысы келесі жылы басталады. Алты жолақты жолдың құрылысы аяқталғанша облыстан келетіндерге амалдай тұруға тура келеді.
А. Садуақас. С. Жұмабаев