Туабітті көз ауруына шалдыққан жігіт миллиондап табыс тауып жүр

Туабітті көз ауруына шалдыққан 22 жастағы жігіт әлеуметтік желі арқылы миллиондап табыс тауып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Бекжан Нұрадин видеохостингке контент жасайды. Тіпті танымал каналдарға техникалық қолдау көрсетеді.

Елге белгілі әншілердің интернеттегі парақшаларын жүргізіп, кинокомпаниялардың өнімдеріне қаралым жинауға көмектеседі. Сонымен қатар өз білгенін өзгелермен бөлісіп, тренингтер ұйымдастырады. Зағип болса да, заман сұранысына бейімделген жас маман жоғары оқу ордасында журналист мамандығы бойынша білім алып жатыр. Келешекте өзі сияқты тағдыр тауқыметін тартқан жандардың жігерін жанитын арнайы репортаждар мен көркем фильмдер түсіргісі келеді.

Бекжан Нұрадин, әлеуметтік желі сарапшысы:

- Монетизацияны өшіріп тастады немесе каналым блогқа кетті деген сияқты. Сол техникалық жағдайларға қолдау көрсетемін. Ал үшіншісі мен консультация беремін. Қазіргі уақытта соңғы 1-2 айда маған сахнада спикер болуға, спич айтуға сұраныстар түсіп жатыр. Соның арқасында тағы да төртінші табыс көзі ретінде мен аудиторияға өзімнің білімімді бөлісіп, сабақтар өтіп жатырмын.