ШҚО-да 30 жыл бойы жарамсыз болған жылу қазандығы іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында 30 жылдан бері жарамсыз тұрған жылу қазандығы жөндеуден өтті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір орталық жылу жүйесіне 7 тұрғын үй қосылды. Ұзақ жыл от жағып, күл шығарған тұрғындар қуанып жатыр. Бұған дейін электр қуатымен жылытылған мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар да желіге қосылды. 

Күршімдегі жылу қазандығы 90-шы жылдарғы тоқырауда тоқтап қалған еді. Содан бері көпқабатты үй тұрғындары пәтерін пешпен жылытты. Жоғарғы қабатқа көмір тасып, күл шығару үлкен кісілерге оңай соқпады. 81 жастағы Валентина Мушанкова сол бейнеттің бәрін көрді.

Валентина Мушанкова, Күршім ауылының тұрғыны:

- Ауданымызда бір емес, екі бірдей керемет жаңалық болды. Талай жыл күткен көпір салынып, бір қуандық. Соңынан, мінеки, 30 жыл бұрын тоқтап қалған қазандық қайта іске қосылып жатыр. Әсіресе осындағы әйелдер   қатты қиналып кеткен едік. Қабаттан қабатқа шелектеп көмір тасыдық, күл де шығардық. Қазір пәтеріміз жып-жылы.

Жылу қазандығының жөнделуі балабақша мен білім ошақтарының шаруасын жеңілдетті. Күршімдегі №4 мектеп бұған дейін электр қуатымен жылытылған еді. Электр сымдарынан ақау шыққанда 500 бала оқитын ғимараттың іші суып кететін. Тариф те шарықтап, шығын көбейді. Енді қаражат үнемделіп, мекеме үздіксіз жылумен қамтылды.

Қанағат Слямова, Күршім ауданы №4 мектеп директоры:

- Бұрынғы кезде 8-7 миллион теңге дейін ақша төлеп жүрсек, қазіргі кезде 2 миллион 600 мың теңге көлемінде ақша төлеп жүрміз, яғни 4 миллиион теңгеден астам қаражат үнемдеп жатырмыз. Біз өте қуаныштымыз.

Қараусыз қалған қазандықтарды жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылы тұрғын үйлермен қатар бірнеше мемлекеттік мекеме орталық желіге қосылады.

Аслан Ақанов, «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры:

- Мемлекеттік органдар бар, әкімдік, ТҮКШ сияқты ғимарттар бар, олардың бәрі тоқпен жылынады. Оның бәрін экономға алу үшін көмірмен жақса, қазір сол эконом болады деп шешіп, сондай жұмыстар атқарып жатырмыз қазір.

Ауданның үлкендері инфрақұрылымның жаңартылуы қалаға бет бұрған көшті тоқтатады деп сенеді.

Екмұхамбек Раисов, Күршім ауылының тұрғыны:

- Түгел мына қабатты қосса, ел кетпейді. Бәрі қайта келеді, қалада да мандып тұрған ештеңе жоқ.

Ауылда жылу жүйесіне қосылуы тиіс әлі 29 тұрғын үй бар. Жұмыстар кезең-кезеңмен іске асады.

​​​​​​​Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.