Өзбекстан тұрмыстық қалдықтан энергия өндіріп жатыр
Өзбекстан тұрмыстық қатты қалдықты қайта өңдеп, электр энергиясын алуға ниетті.
Бастама елдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынып отыр.
Ілкімді іске инвесторлар үлес қоспақ. Таяуда шетелдік компаниялардың бірі "Ахангаран" қоқыс полигонында энергетикалық шағын кешенді пайдалануға берді. Оған елдің бірқатар аймағынан қатты қалдық жеткізіліп жатыр.
Өзбекстанда қалдықты қайта өңдейтін кәсіпорындар саны артып келеді. Көршіміз бұл істің барынша игілігін көруді көздеп отыр. Тіпті қоқысты арнайы полигонда жағып қана қоймай, электр қуатын алуға ден қойған. Технология шет мемлекеттен әкелініп жатыр.
Нодир Шеркулов, Өзбекстан экология және қоршаған орта министрлігінің бас маманы:
- Тұрмыстық қалдықтан энергия алуға бағытталған инвестициялық жобаларымыз бар. Біріккен Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея және Қытай Халық Республикасымен жүзеге асырылуы мүмкін. Соның ішінде оңтүстік кореялық компания жақында ғана «Ахангаран» полигонында жинақталған қалдықты қайта өңдеп, одан электр қуатын алу жобасын іске қосты.
Бұл тұста қоқысты дұрыс сұрыптау ісіне баса көңіл бөлініп отыр. Онымен айналысатын 66 мекемеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында түрлі қолдау көрсетілген. Экология министрлігі бастаманың нәтижелі екенін алға тартады. Мысалы, қала іргесіндегі кәсіпорындардың бірі күніне 50 тонна қалдық қабылдап, дайын өнім шығара бастаған.
Ділмурад Ходжаев, кәсіпорын директоры:
- Кәсіпорнымызда өнімнің 15 түрін шығарамыз. Атап айтқанда, пластик жәшіктер, гофрокартон бұйымдар, қоқыс салатын қораптар және шелектер, сондай-ақ автомобиль бампері жасалып жатыр.
Қазір көршімізде қоқысты өңдеу көрсеткіші 5,2 процентке тең. Өткен жарты жылда 270 мың қалдық қайта өндіріске жіберілген. Жоспар бойынша 2027 жылға дейін елдің 11 аймағында жаңаша әдіспен энергия өндірісі қолға алынады. Қатты қалдықты кәдеге жарату есебінен жылына 2,1 млрд киловатт сағат электр қуаты алынуы мүмкін. «Нәтижесінде қараусыз жатқан полигондар кемитін болады», - дейді өзбекстандық экологтар.
Рауан Мыңбаев