Павлодарда «Мейірім FEST» қайырымдылық акциясы өтті
Павлодар облысында Халықаралық волонтерлер күніне орай «Мейірім FEST» акциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Отыз мыңдай оқушы атсалысқан кең ауқымды шараның мақсаты – жастарды қайырымдылыққа баулу. Волонтерлікке енді қадам басқан жеткіншектер, яғни, бастауыш сынып оқушылары Балалар үйіне және өздерінің кішкентай іні-қарындастарына арнап ойыншықтар жасады. Ал жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері жалғызілікті қариялардың үйін жинап, ауласындағы қарын күреп берді. Сонымен қатар оқушылар макулатура мен пластик қақпақтарды жинап қайта өңдеуге тапсырады. Бір жылда олар екі тонна пластик қақпағын жинаған. Экологиялық акциядан түскен қаржы қайырымдылыққа жұмсалады.
Әсем Айыпова, Оқушылар сарайының әдіскері:
- Қайырымдылық жасау үшін бай болудың керегі жоқ. Ең бастысы, адамның өзінің ішкі жан дүниесі таза, жүрегі таза болуы керек. Сондықтан осындай мейірімді істерге, қайырымды істерге баулу бұл – ұстаздардың басты міндеті деп ойлаймын. Сондықтан бүгін оқушылар сарайында үлкен іс-шараның басты мақсаты осы.