Қазақстандағы тұрғын үй құрылысы рекордтық деңгейге жетті

Биыл елде құрылыс көлемі ұлғайып, баспаналы болған азаматтардың қатары артты, деп хабарлайды 24kz.

Үкімет отырсында бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Министрдің мәліметінше, жыл соңына шейін елде 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 44% жоғары және құрылыс саласындағы рекорд болып саналады. Осы шаралардың арқасында 160 мыңнан астам азаматтың 41 мың жаңа пәтерге көшуіне мүмкіндік жасалды. Сондай-ақ мемлекеттік қаражат есебінен 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алынып, жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама арқылы 7861 несие берілді. Жалпы тұрғын үй құрылысын ынталандыруға 965 млрд теңге қаражат бөлінген.

Айта кетейік, бүгінде құрылыс саласының елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 5,6% құрап отыр. Салада шамамен 670 мың адам, 53 мың кәсіпорын жұмыс істейді.