Шығыс Қазақстан облысының белсенді жастары марапатталды

Бүгін Шығыс Қазақстандағы іскер, креативті ,батыл жастардың есімі белгілі болды. «Жастармен бірге» атты форум аясында қоғамдағы әрбір іс-шараға бейжай қарамайтын белсенділер марапатталды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға ерекше үлес қосқандарға қошемет көрсетілді. Сонымен қатар жыл сайын жұмысшы мамандар арасында өтетін «Қайратты жастар» облыстық фестивалінің жеңімпаздары таныстырылды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев әр саланың үздіктерімен әңгімелесіп, алдағы  жұмыстар жайлы ой бөлісті.

Аймақ басшысы облыстың түкпір-түкпірінен жиналған белсенділердің әрқайсымен жеке әңгімелесіп, өз саласында атқарып жатқан істерімен танысты. Әсіресе экологиялық шараларға ерекше тоқталып, бұл мәдениетті мектепте кең насихаттауды ұсынды.

Ермек Көшербаев, облыс әкімі:

- Экологиялық бағыттағы жұмысты кеңейткен жөн. Мектептерге жиі барып, осы қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызын түсіндіру керек. Бірақ бұл шаралар ойын түрінде өтсе, ұтымды болар еді.

Форумда жастар саясатын дамытуға үлес қосқан үздіктер 5 номинация бойынша марапатталды. Шемонаихалық Думан Кенжебеков «Жыл қаһарманы» атанды. Жас құтқарушы әріптестерімен өртенген үйден он адамды құтқарып қалған.

Думан Кенжебеков, Шемонаиха ауданы №28 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушысы:

- Үстіңгі қабатта адамдарға қауіп төніп тұрды. Сол кезде біз тыныс алу аппараттарын киіп, адамдарды құтқарып, өртті өшірдік. Адамдардың түтінге тұншығып қайтыс болуы қаупі төніп тұрды.

Зауыт ұжымдары арасындағы «Қайратты жастар» фестивальінің жеңімпаздары да белгілі болды. Бір айлық сайыста «Өскемен жылу электр орталығының» командасы бірінші орынды иеленді.

Сырым Өмірзақов, «Өскемен ЖЭО» жетекші инженері:

- Төрт турдан тұрды. Сондықтан бірніші турда, өкінішке қарай, біз жеңіліп қалдық. Бірақ бәріміз команда болып жиналып, барлық жігерді қосып, волейбол, теннис, интеллектуалдық ойындарда өз деңгейімізде көрсетіп, командалық есепте бірінші орынды алдық.

Жалпы биыл өлкеде жастар ұсынған 71 кәсіп қолдау тапты. Алдағы уақытта Өскеменде креативті қыз-жігіттердің басын біріктіретін «Комьюнити орталығы» ашылып, тың идеялар талқыланады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.