Әмірлікте біраз ұшақ қаңтарылып тұр

Шығанақтағы араб елдерінің әуе кеңістігі толық ашылғанымен, рейстер қалпына келген жоқ. Өйткені Таяу Шығыста әлі де үрей бар.

Сол себепті бұл жаққа аяқ басатындар некен-саяқ. Рейстердің қысқаруы да осыдан. Тіпті ұшақтардың бір бөлігі қаңтарылып тұр. Ал билет арзандаған жоқ, қайта қалтаға салмақ сала бастаған.

Абу Даби мен Дубайдың әуе хабтары өңірдегі геосаяси шиеленіске қарамастан, жұмысын жалғастырып жатыр. Бірақ жағдай бұрынғы қалпына оралды деуге келмейді. Қауіпсіздік мақсатында ұшақтар Иран аумағын әлі де айналып өтуге мәжбүр. Тап осы жайт операциялық шығындарды арттырып, кей рейстердің орындалу уақытын 30-40 минутқа ұзартты.

Кешегі АҚШ-Иран-Израиль соғысынан кейін әлем жұртының шығанақ жеріне сапары сиреді. Әсіресе еуропалық саяхатшылар кеміді. Басым бөлігінде кері қайта алмай қалам ба деген үрей бар. Әмірліктің әуе компаниялары осы алаңдаушылықты ескеріп, жолаушылар сенімін жоғалтпауға кірісті. Тәуекелі басым болса да қосымша сақтандыру шараларын енгізді.

Тим Кларк, БАӘ әуе компаниясының басшысы:

- Әлем елдері Таяу Шығыс бағытына сапарлауды көздеген азаматтарға енді шектеу қойып, қатаң ескерту жасамайды деген ойдамыз. Жағдай дәл бұлай жалғаса бермейтіні анық. Жолаушыларға тартымды боларлық баға саясатын енгізуге дайынбыз. Егер сол жақта қалып қоятындай қауіп туындаса, оларды қандай жағдай болсын кері алып кету жолдарын табуға міндеттеме аламыз.

Сарапшылардың айтуынша, бір-біріне жиі кіжініп, килігіп тұратын Таяу Шығыс елдері енді ауқымды қақтығыс атаулыға жол бермеуге тиіс. Өйткені шиеленіс тұтас аймақ экономикасына ауыр тиді. Бір ғана саяхат, соның ішінде халықаралық әуе тасымалынан қомақты пайда тауып отырған мемлекеттер тұрақтылықты сақтауға ден қойды.

Обаид Ахмед Әли Әлзааби, бұрынғы дипломат, Халықаралық қатынастар саласы бойынша маман:

- Шығанақтағы әуе хабтарының әлемдік маңызы өте жоғары. Сондықтан олардың жұмысын ұзақ уақыт тежеу жаһандық экономикаға да ауыр тиеді. Меніңше, тараптар енді жағдайдың бақылаудан шығып кетуіне жол бермейді. Демек алдағы уақытта халықаралық рейстердің қалыпты режимде орындалуына негіз бар. Ең ұзақ дегенде, жыл соңына дейін барлығы тұрақталады.

Мұндай жағдай шығанақ елдерінде былтыр да болған еді. Алайда ол кезде АҚШ, Иран және Израиль арасындағы қақтығыс ұзаққа созыла қоймаған. Биыл ғана күрделі сипат алды. Әуе қатынасы ондаған күнге тежеліп, зардабын басқа да салалар тартты.

Абдалла Шабан, Экономика саласы бойынша шолушы:

- Негізінен шетелдік компаниялар қызметін тоқтатты. Ал Әмірлікке қарасты тасымалдаушылар шиеленіс кезінде де жұмысын жалғастырды. Олар өздеріне деген сенімді жоғалтқан жоқ, керісінше беделін арттырды деуге болады. Әуежайларға келсек, Абу Даби мен Дубайдағы айлақтар бастапқы өткізу қабілетінің 75 пайызын қалпына келтірді.

Дегенмен жергілікті әуе компаниялары ұшақ паркінің төрттен бір бөлігін әзірге қаңтарып қойды. Кейінгі 2-3 айдан бері ахуал осындай. Мамандар жыл соңына қарай бәрі қалпына келеді деген сенімде.

Авторы: Рауан Мыңбай