Ақтөбеде өрт сөндірушілерге пәтер кілті табысталды

Тәуелсіздік күні 26 адам баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ. Сонымен қатар облыс орталығында жаңа өрт сөндіру депосы ашылды. Нысан Есет батыр шағынауданы мен Қызылжар, Кеңес Нокин сияқты ауылдарды қамтиды. Салтанатты шараға Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты.

Жаңа баспана кілтін алғандардың бірі – Дәуренбек Құлмұхамбет. Ол өрт сөндірушілер қатарына үш жыл бұрын қосылған. Қызметіне адал жас маманға жаңадан ашылған депо маңынан екі бөлмелі пәтердің кілті берілді.

Дәуренбек Құлмұхамбет, №25 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі:

- Ыңғайлы өте. Жарық. Жақсы жағдай жасалған. Ремонты да әдемі жасалған. Осы пәтердің артықшылығы, бізде «тревога» дейтін болып тұрады ғой. Сол кезде бір сағаттың арасында, 40 минуттың арасында жету керек. Сол кезде жақсы, жері ыңғайлы. Дәл жұмыстың қасында. Кез келген уақытта бара қоясың.

Бір мезетте 4 жасақты жөнелтуге қауқарлы типтік депода 86 өрт сөндіруші қызмет етеді. Нысан заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Төтенше жағдайлар министрі мен облыс әкімі оларға 16 арнаулы көлікті де табыстады.

Айбат Жаңабергенов, ТЖД бастығының орынбасары:

- Әр өрт сөндіру бөлімінің өз радиусы 3 шақырымды құрайды. Сол себепті біз де бұл ауданда болмағандықтан, осы жерге салынып отыр. Ақтөбе-Орск трассасындағы барлық мына өртке, болмаса мына жолдағы төтенше жағдайлар оқиғаларына шұғыл шығу мақсатында бізде авариялық құтқару жасағы да осы бөлімде болады. Ол өз кезегінде мына өрттерге шұғыл ден қою мақсатында, тез жетуге және ауданды толығымен қамтуға өз септігін тигізеді.

Жалпы өңірде 25 өрт сөндіру депосы мен 3 суда құтқару станциясы бар. Олардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыс бюджетінен 1 млрд 800 млн теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 14 арнаулы көлік пен 17 қайық алынды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.