Қызылорда облысында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ашылды

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 200 орынды «Оқушылар үйі» мен 50 орынды «Өнер мектебі» ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта үйірменің 20 түрі бар. Оған 500-ден астам бала қатысады. Аудан оқушылары үшін қандай жаңа үйірмелер ашылады?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Биыл Қызылорда облысында 550 орынды екі мектеп пайдалануға берілді. Ал қала орталығында 350 орынды «Оқушылар сарайы» ашылды. «Білім саласындағы жаңа жобалар аз емес. «Жаңақорған ауданындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» де жас ұрпақтың білімін шыңдап,өнерін қолдау үшін қолға алынған құрылыс», - деді облыс әкімі салтанатты шарада.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

- Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, біз жеті түрлі ілімді білетін ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты міндетіміз, бұл – біздің балдарымыздың, еліміздің болашағы. Сол балаларымыз үшін жасалып жатқан Мемлекет басшысының, Үкіметтің қамқорлығы.

Заманауи үлгіде жабдықталған ғимаратта үйірменің 20 түрі бар. Оған 500-ден астам бала қатысады. Оқушылардың қолөнер, робототехника, шахмат секілді үйірмелермен айналысуына барлық жағдай жасалған. Ұстаздардың айтуынша, алдағы уақытта уақыт талабына сай үйірмелер қатары толыға береді.

Фариза Юсупова, оқушы:

- Шахмат үйірмесі адамның ойлау қабілетін дамытуға өте керемет. Осы шахмат үйірмесіне қатысқалы, мысалы, менің математика сабағынан үлгерімім өте жоғары.

Мұратбек Әуелбеков, оқушылар үйінің директоры:

- Бұрын бізде би залы болмайтын. Би залы болғаннан кейін би үйірмесін ашып отырмыз. Сосын экологияға байланысты материалдық база болмайтын, «Жас эколог» үйірмесі қосылып отыр.

Айта кетейік, өңір мектептерінде оқитын 184 мың оқушының 168 мыңнан астамы спорттық секциялар мен үйірмелерге қатысады.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев