Түркістан қаласындағы руханият мәртебесін арттыру ұсынылды
Түркі әлемінің мәдени астанасы -Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі.
Бүгін мәжілісте арнайы заң жобасы қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жоба қазақ тілінде жазылған алғашқы құжаттардың бірі. Мақсаты - шаһардың тарихи сәулетін, мәдени мұрасын сақтап, дәріптеу. Айта кетерлігі, 2030 жылға қарай туристер санын 2 млн-ға жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін 13 туристік жоба қолға алынып, 900-ден астам жұмыс орнын құру межеленген. Сөйтіп, жерлігікті әкімдік 400 млн теңге көлеміндегі салықтық түсімді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Заң жобасын талқылау кезінде тағы қандай мәселелер көтерілді?
Мәжілісте таныстырылған заң жобасы аясында Түркістан қаласын дамыту мақсатында жергілікті атқарушы органдарға 34 түрлі құзырет беріледі. Яғни орталыққа жүгінбей-ақ қаланың сәулет құрылысы, туристік әлеуетін дамыту мен руханият мәртебесін өсіруде облыс, қала әкімдіктері өздігінен шешім шығара алатын болады. Отырыс кезінде депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылды.
Ардақ Назаров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Осы заңның аясында Түркістанда арақ ішуге, сатуға, арақты ішіп ләйліп көшеде жүруге заңның аясында тыйым салсақ. Өйткені Түркістанда білесіз, рухани астана деп отырмыз. Бүкіл қазақ осы жерден рух алуы керек, ол жерде біздің бабаларымыз, батыр, әулиелеріміз жатыр. Ертең шетелден көп қонақ келеді. Сол кезде азаматтарымыз арақ ішіп алдынан шықса, ұят болмай ма? Сондықтан осы заңның аясында арақсыз қала, рухани қала деп тыйым салуға бола ма?
Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан қаласы әкімінің орынбасары:
- Бұл бастама Түркістан облысының ақсақалдарымен, зиялы қауыммен осындай қоғамның белсенді өкілдерімен арнайы талқылаулар түрлі форматта өткізілген. Дегенмен, Түркістан қаласындағы басымдық бағыты рухани-мәдени бағытымен қатар, туристік бағыттағы қала ретінде де айқындалып бекітіліп отыр. Соған сәйкес, бизнес қауысмдастық өкілдері тарапынан ол мәселеге түрлі көзқарас туындатып отыр. Аталған мәселе де орынды. Алдағы уақытта заң жобасы қабылданып отырғаннан кейін бұл мәселені де тиісті заң нормалары аясында қарастыру керек деп санаймыз.
Руханияттың алтын бесігі – Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру қажет-ақ. Отырысқа қатысушылардың ешқайсысы бұған шүбә келтірмеді. Тек жобаны әзірлеу кезінде заң нормаларының қайшылығы мен мәтіндегі филологиялық олқылықтарға жол берілген. Осыған қатысты жоба бойынша баяндама жасаған ұлттық экономика министрі түсініктеме берді.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бұл заң жобасын жетістіктерінің бірі менің ойымша алғаш қазақ тілінде жасалған заң жобасының бірі. Сондықтан мен ойлаймын сапалы жасалған заң жоба. Мәдениет министрлігі, тіл комитеті бұл жобаға қатысқан жасауға.
Қалаға ерекше мәртебе берілсе, бюджеттен көбірек қаржы бөліне ме? Бұл сауалға берген жауабында ұлттық экономика министрі қаланы дамыту үш жылдық трансферт шеңберінде бөлінетін қаржы есебінен жүргізілетінін айтты. Сондай-ақ Тұран арнайы экономикалық аймақ құрылып жатқанын, осыған сәйкес инвесторларға заңнамада қарастырылған жеңілдіктер берілетінін жеткізді. Жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Депутаттар тарапынан айтылған редакциялық түзетулер екінші оқылымға дейін ескерілетін болады.
Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев