Жол-көлік оқиғасына көбіне жаяу жүргіншілер кінәлі
Астанада жыл басынан бері жаяу жүргіншіні қағып кеткен 230 оқиға тіркелді. Салдарынан 224 адам жарақат алды, 13 адам көз жұмды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, көбіне жаяу адамдар кінәлі. Жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуге тырысатындар азаймай тұр.
Қыс кезінде жаяу адамдардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілейді, - дейді полицейлер. Себебі қымтанып, бет-аузын тұмшалап алған жүргіншілер кейде жақындап қалған көлікті байқамай қалады.
Елдар Нұрмағамбетов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
- Қазір қыс келді, мысалы, қазіргі кезде көріп тұрмыз ғой, жаяу жүргіншілер «капюшонды» киіп алып, құлақтарына құлаққап тағып, жол ережесін сақтамай, тыйым салынған жерден, автобустың ортасымен шыға салады. Жаяу жүргінші жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа келген кезде де абайлау керек. Жан-жаққа қарап, «капюшонды» шешіп, көлік бар ма, жоқ па қарау керек.
Әрине, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтуге болмайды. Ол үшін 7 384 теңге айыппұл қарастырылған. Ал бір жыл ішінде қайталанса, 36 920 теңге айыппұл салынады. Жыл басынан бері Астанада 27 мыңға жуық дерек тіркелді.