«Дикий Арман» 20 жылға бас бостандығынан айырылды
«Дикий Арман» 20 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды 24KZ. Сот Арман Жұмагелдиевке қатысты бір жылдан артық уақыт қараған істің нүктесін қойып үкім шығарды. Қаңтар оқиғасына байланысты сотталғандардың қатарында бұрынғы мәслихат депутаты Қайрат Құдайберген мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов та бар.
Қылмыс жазасыз қалмайды. Бұл ақиқат. Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыпталған Арман Жұмакелдиев бірнеше бап бойынша, атап айтқанда, қылмыстық топ құру, оған жетекшілік ету және адамдарды ұрлау баптары бойынша кінәлі деп танылды. Ол елге 2021 жылдың желтоқсан айында келген. Тергеу мәліметтеріне сәйкес Жұмакелдиев Қаңтар оқиғасы кезінде өзінің қылмыстық тобын «Қазақстан» қонақүйіндегі штабынан басқарған. Бұзақылармен күрес деген желеумен оның адамдары кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдарды заңсыз ұстап, оларға зорлық көрсеткен. Сонымен қатар Жұмакелдиев тәртіпсіздікке қатысушылардың санын арттыруға тырысқан. Сот оны 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Асхат Әшірбеков, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша ішінара қосу арқылы Арман Бақытұлы Жұмакелдиевке 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, сондай-ақ 10 жыл мерзімге қоғамдық-саяси және публицистикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылсын.
Осы іс бойынша тағы бір айыпталушы, Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 5-басқарманың бұрынғы басшысы – Руслан Ысқақов. Ол Жұмакелдиевтің қылмыстық тобына қолдау көрсетті деп айыпталды. Тергеу Ысқақовтың Қаңтар оқиғасы барысында өзінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланғанын дәлелдеді
Асхат Әшірбеков, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-ші бөлігіне сәйкес қылмыстық құқықбұзушылықтар жиынтығы бойынша ішінара қосу арқылы Руслан Серікұлы Ысқақовқа 15 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте, сотта, Ұлттық банкте және оның ведомстволарында, уәкілетті реттеу органында лауазымды қызметтерді атқару құқығынан айырылсын.
Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге де сот үкімі шықты. Тергеу нұсқасы бойынша ол қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға белсенді ықпал еткен. Сот Қайрат Құдайбергенді 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Асхат Әшірбеков, Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 49-бабының 2-ші бөлігіне сәйкес Қайрат Құдайбергенұлы Құдайбергенді Мемлекеттік «Құрмет» ордені наградасынан айыру және полицияның аға лейтенанты шенінен айыру туралы шешім қабылдансын.
Арман Жұмакелдиев пен Қайрат Құдайберген 2022 жылы қаңтар айында ұсталған еді. Жалпы осы қылмыстық іс бойынша барлығы 44 адам күдікті ретінде қаралды. Негізгі сот тыңдаулары 2023 жылдың қазан айында басталған болатын. Сот отырыстары жабық түрде өтті. Сотталғандардың қатарында Арман Жұмакелдиевтің қылмыстық тобының мүшелері, мемлекеттік органдардың өкілдері және жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар бар. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов.