Президент: Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек
Жылу станцияларындағы апаттар мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығын көрсетеді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент осылай деді.
Мемлекет басшысы Үкіметке инфрақұрылымдық дамуды жаңа деңгейге көтеріп, бұл бағыттағы жұмысты жалғастыруды тапсырды. Жылу мен жарық бағасы бойынша кімдерге жеңілдік болады?
Жасыратыны жоқ. Қазақстандағы электр энергиясы, газ бен мұнай өнімдерінің бағасы ТМД елдерінің қарағанда арзан. «Бұл еліміздің экономика балансын бұзады», - деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Президент Үкіметке нарық талаптарына сай жаңа тариф саясатын жалғастыруға тапсырма берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес.
«Алдағы 5 жылда Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық секторларын жаңғыртуға шамамен 7 трлн теңге жұмсалады», - деп хабарлады вице-премьер Қанат Бозымбаев. Осылайша, инфрақұрылымның тозуын 40%-ке дейін төмендету жоспарлануда. Қазір тозу көрсеткіші 65-тен 100%-ке дейін. Қаражаттың жартысынан көбі халықаралық қаржы ұйымдарынан түседі. Қалғаны жергілікті бюджеттен бөлініп, тарифтердің өсуі есебінен алынады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Иә, коммуналдық тариф біртіндеп өседі. Бірақ сонымен бірге біз бұл халықтың осал топтарын қорғаймыз. Заңнама бізге тұрғын үй жәрдемақылары жүйесі арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарына жеңілдік жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, егер коммуналдық қызметтердің үлесі отбасының жиынтық табысынан 5%, 10%, 7%-тен асатын болса, онда біз жергілікті бюджет есебінен, қажет болса, республикалық бюджет есебінен субсидиялайтын боламыз. Әр аймақта әртүрлі.
«Ұлттық жоба тозығы жеткен желілілерді жаңартып, біршама реттеуге бағытталады», - деді жауаптылар. Ал экономикалық зерттеулер институтының сараптамалық қолдау орталығының директоры тарифтердің өзгеруі экономикалық тұрғыдан да маңызды шешім деп есептейді.
Дастан Әкебаев, Экономикалық зерттеулер институтының сараптамалық қолдау орталығының директоры:
- Бізде коммуналдық тариф бағалары төмен. Сондықтан бизнес модель ретінде қарасақ, инженерлік инфрақұрылым нысандарының пайдасы аз. Егер тарифтерді осы деңгейде қалдырсақ, зауыттар мен коммуналдық желілер уақыт өте одан сайын ескіріп, істен шығуы мүмкін. Үкімет коммуналдық қызмет бағасы біртіндеп өсетінін хабарлады. Бұл ірі кәсіпорындар мен орта бизнес үшін жаңа тарифтерге бейімделуге қолайлы болмақ. Бұл – стратегиялық маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан экономикалық өсім тұрақты болу үшін де бізге тарифтерді өзгерту маңызды.
Қоғамда су, жылу мен жарықты үнемдеп пайдалану мәдениетін толық қалыптаспаған. Президент осы ресусртарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажеттігіне тоқталды. Әсіресе, су үнемдеу технологияларын пайдалану өзекті. Үкіметке осы шаруаны қолға алып, тиісті шешімдер ұсынуға 1 маусымға дейін уақыт берілді.