Еңбек адамы: Ауыл колледждерін қолдау қажет
Ауылда энергетика саласының мамандары тапшы. Ақтөбе облысының Қарауылкелді елді мекенінің тұрғыны Аманғали Әбеновтің пікірі осындай. Білікті дәнекерлеуші зейнет жасынан асса да, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, жұмысшы мамандықтарын насихаттап жүр.
Болатты балқытып, темірдің басын біріктіріп жатқан Аманғали Әбеновті ауылдастары «Олимпийский» деп таниды. Себебі Мәскеуде өткен жазғы Олимпиадаға арналған стадионды салғандардың бірі. Әскерде жүрген қазақ баласының талантты дәнекерлеуші екендігін білген басшылық кешенді құрылыстың жауапты тұстарын тапсырып отырған. Елге оралған соң Темір ауданының орталығы Шұбарқұдық кентіне көгілдір отын желісін жүргізуге атсалысқан. Алпыстың бесеуіне жеткен зейнеткер әлі күнге кәсібінен қол үзбей, елге қызмет етіп келеді.
Аманғали Әбенов, дәнекерлеуші:
- МЧС мекемелері, ішкі істерінің бөлімінің мамандары да маған телефон соғып айтып тұрады: «Аға, машина қалып қойды далалықта. Сенің қолың бас па? Түн болса түн болсын, барып көрейік. Машинаға жәрдем берейік, қызмет жасайық. Жолда қалып қойды түтеген борандарда». Талай барып, машиналардың тетіктерін істеп, болмаса ағытып әкеліп, үйден істеп қайта салып беріп жүрдік.
Білгенін аямай көпке үйретуді парыз санайтын Аманғали Әбеновті жергілікті оқу ордалары «кәсіптік бағдар» сынып сағаттарына қонаққа шақырып отырады. Жастар үшін тәжірибелі дәнекерлеушінің еңбек жолы – үлгі. Дегемен жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын зейнеткер әуелі немерелеріне насихаттап жүр. Мысалы 7-сыныпта оқитын Темірлан болашақта энергетика саласы мамандығын игеруді армандайды.
Темірлан Аманғали, оқушы:
- Ауылда электриктер өте аз. Сол үшін өскенде электрик болғым келеді. Атам маған бәрін үйретеді. «Ананы суырып жібер, мынаны қосып жібер, тоқты жалғап жібер», – деп бәрін үйретті атам.
50 жылға жуық дәнекерлеуші боп еңбек ететін зейнеткер: «Ауыл колледждерін қолдау қажет», – дейді. Оның ойынша, кәсіптік білім шалғайдағы ел балаларына неғұрлым қолжетімді болса, жастар соғұрлым техникалық мамандықтарды тез игереді.
Аманғали Әбенов, дәнекерлеуші:
- Міне, біздерде колледж бар ғой. Сол колледжді дамыту керек. Соны көбейту керек. Әртүрлі маманды. Қазір кім жетіспейді? Крановщик жетіспейді, стропольщиктер жетіспейді, сварщик, плотник. Түрлі-түрлі сондай ауыл шаруашылығы мамандықтарын дамыту керек. Жұрттың барлығы: «Бастық боламын, лас жұмысқа бармаймын», – дейді. Негізі ол дұрыс емес.
Дәнекерлеудің шыр отына жаныған шебер елдегі ең ірі жоба – Теңіз мұнай кен орны құрылысына да үлес қосқан. Еңбек адамы мұндай ауқымды кешеннің елде әлі талайы жүзеге асатынына сенімді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.