SWAT Challenge-2025 жарысының төртінші кезеңі өтіп жатыр

Мемлекеттік күзет қызметінің сайыпқырандары қойылған тапсырманы қалай орындады? Біздің құрама жігіттерінің нәтижесі қандай?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Сайдың тасындай іріктелген қазақ сарбаздары әлем біріншілігінде шын мықтылығын дәлелдеп жатыр. Бұл бәсекені осы саладағы ең ірі жаһан чемпионатына теңеуіміз – заңдылық. Неге десеңіз, ауқымы және ұйымдастыру деңгейіне қарай осындай баға беруге болады. Кейінгі 4 күннен бері әлемнің әр қиырынан жиналған арнаулы мақсаттағы жасақтар өзара мықтыны анықтауға кіріскен. Бұрын-соңды Дубай челленджіне 100-ден астам команда қатыспаған. Биыл 50-ге жуық мемлекеттен 105 ұжым 5 күндік бәсеке көркін қыздырып жатыр. Сонымен жарысты тамашалауға жан-жақтан қонақтар да келген. Соның ішінде отандастарымыз көп.

Айта кетейік, Қазақстаннан айтулы аламанға 12 команда қатысып жатыр. Олар Мемлекеттік күзет, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік қызметі және жергілікті Полиция департаменттерінің намысын қорғап келген. Жарыс басталғалы бері «Сардар», «Сұңқар» және «Арыстан», «Ұлттық ұлан», «Жаубасар», «Арлан», «Бүркіт» жасақтары жоғары нәтиже көрсетіп жатыр.