Абай облысындағы ауыл мұғалімі әлемдік жұлдыздарға ән жазады

Абай облысында мектеп мұғалімі шетелдік әншілерге әуен жазады, деп хабарлайды 24kz.

Ерқанат Садуханов Қарауыл ауылындағы мектеп-гимназия-интернатында биология пәнінен сабақ береді. «Ерахолик» атымен танымал  битмейкер жақында танымал әнші Ники Минаждың «Pink Friday 2» делюкс-альбомына саунд-продюсер болды. Әлемдік жұлдыздарға ән жазып жүрген ауыл мұғалімі жергілікті жастарды шығармашылыққа баулып жүр.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Ерқанат Садухановтың жұмыс істейтін жері осы. Әйгілі әншілер орындайтын ән дәл осы жерде жазылады. Жас педагог қазір әлемге танымал рэперлердің бірі Ники Минаждың саунд-продюсері. Жаңа альбомы биыл жарыққа шығады.

Ерқанат бүгінге дейін Dua Lipa және Blackpink тобының мүшесі Lisa сияқты әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеген. Енді ол Ники Минаждың тыңдармандарына ерекше жаңалық дайындап жатыр. Битмейкер ауылда жүріп-ақ халықаралық деңгейде жұмыс істеуге болатынын айтады.

Ерқанат Садуханов, биология пәнінің мұғалімі:

-Біреудің әдемі өміріне қызығады. Негізінде олай емесқой. Соны көрген жастар басқа жаққа көшкісі келеді. Менің мамандығым сондай ғой. Бір жерде болып қажет емес. Жақсы интернетпен отырып-ақ мысалы Зимбавемен де байланыста отыруға болады.

Ерқанат 2016 жылдары алғаш рет әуен жаза бастаған. Алғашқы туындыларын 2-3 мың теңгеге сатқан. Бүгінде танымал битмейкердің қаламақысы еселеп өсті.

Ерқанат Садуханов, биология пәнінің мұғалімі:

- Латын Пмерикасында Бэд Банни деген әнші бар. Соның командасы жазған болатын. Қазақстандық әншілер Қазыбек Құрайыш, Аха, «Ирина Қайратовнамен» жұмыс істейміз деп отырмыз. Оның барлығы енді уақыттың еншісінде.

Ерқанат Садуханов шығармашылықпен бірге ұстаздық қызметін қатар алып жүр. Мектеп оқушылары оның сабақты қызықты түсіндіретінін айтады. Ауыл жастары шығармашылыққа жақын мұғалімді мақтан тұтады.

Жанель Күнсләмова, оқушы:

- Ол кісі заманауи мұғалім. Яғни, бізге көптеген бағдарламалар арқылы жұмыс жасатады. Тақырыпты қызықты етіп түсіндіруге тырысады. Бізден не қалайтынымызды сұрайды. Біз плакат арқылы жұмыс істегіміз келеді. Солай тақырыпты түсінетінімізді айтамыз. Біз ол кісімен мақтанамыз. Және де біздің мектепте мұғалімнің аты шығып отырғанына біз оқушылар да қуаныштымыз.

Таңат Шәкіров, биология пәнінің мұғалімі:

- Мотивация береді деп ойлаймын. Себебі, ауылды жерде тұрып ақ танымал әншілерге бит жазып, Абай елінің атының шығып жатуы ол өсіп келе жатқан ұрпаққа өте бір мотивация береді деген ойдамын. Біз ұжым болып Абай елі болып Ерқанаттан зор үміт күтеміз. Онымен мақтанамыз,қуанамыз.

Бүгінде Ерқанат шығармашылығын одан әрі шыңдауды мақсат етіп отыр. Болашақта бірнеше отандық және әлемдік жұлдызға ән жазбақ. Келісімшартқа сәйкес кіммен жұмыс істейтінін айтпады. Алдағы уақытта қуанышты жаңалықпен бөлісетінін жеткізді.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов