Өзбекстанда Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді

Атаулы датаға орай Науаи облысы әкімдігінің қолдауымен үш күнге жалғасқан салтанатты шара ұйымдастырылды.

Жер-жерден жиналған қалың қазақтың басы қосылды. Әуелі Нұрата тауы маңындағы кесенеге дәстүрлі зиярат жасалып, ауқымды ас берілді. Алыстан барған меймандарды жергілікті жұрт зор құрметпен қарсы алды.

Бұл - Науаи облысы, Нұрата ауданындағы қазақ, өзбек, қарақалпақ ұлты өкілдерінің жиі ат ізін салатын мекені. Әйтеке би мен оның бабасы Сейітқұл әулие мәңгілік дамыл тапқан жер. Қос тарихи тұлғаның зираты екі ел арасын рухани тұрғыда байланыстырып тұрғандай. Себебі тәу етер орынға жыл сайын мыңдаған мейман келеді.

2008 жылға дейін Әйтеке бидің қайда жерленгені беймәлім болып келген еді. Кейін жергілікті халықтан сұрастыра келе, Нұрата ауданында баба зираты анықталып, зерттеу жұмыстары жүргізілген. Артынша, яғни 2009 жылы ұрпақтары, белгілі саяси қайраткерлер және жергілікті қазақтардың қолдауымен кесене бой көтерді. Содан кейінгі жылдары кешеннің маңына мешіт, музей, шырақшыға арналған үй-жай салынды. Тиісінше, кешен толық 2012 жылы ашылды.

Акрам Мукимов, Науаи облысы мәдениет басқармасының басшысы:

- Біздің уалаиятымыз көп ұлтты. Тамды, Кенимех, Зарафшан, Үшқұдық аудандарында қазақтар тұрады. Сондықтан біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Өткеніміз бен бүгінімізді бағалаймыз. Осы шараға Қазақстан тарапынан мәртебелі меймандар келіп, екі халықтың арасындағы мәдени-рухани байланыстың тереңде екені дәлелденіп жатыр. Мұның бәрі қатынасты одан әрі жақсарта түсуге септігін тигізеді.

Тарихи деректерге сай, Сейітқұл әулие 16 ғасырда Қазалы өңірінен Нұратаға 40 мың алшын отбасымен қоныс аударған. Кейін осы өлкеден қажылық сапарға аттанып, бірыңғай дін жолына түседі. Ел басқару міндетін баласы Жалаңтөске тапсырады. Ал Әйтеке 25 жасында би атанып, ерекше қабілетімен дараланады.

Нажмедин Мұсабаев, «Жалаңтөс Бахадүр» қорының төрағасы:

- Қазақ халқының алтын ғасыры деп аталатын Тәуке заманында Әз Тәукені үш жүздің ханы етіп сайлауға үлес қосқан адам. Сол кездің өзінде Әйтеке бабамыз «бір ханға, бір пірге, бір әскери қолбасшыға бағынуы керек», - деп айтқан. Сонда қазақты алатын жау жоқ деп. Ол қазіргі заманмен де сәйкес келіп тұр.

Қазір Науаи облысының әкімдігі мен жергілікті қандастар бабаның зират басын күтіп-баптап отыр. Көктем шыға кешен маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Ал музейдің ғимараты таяуда ғана күрделі жөндеуден өтті.

Ербол Еркебаев, «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы:

- Мұның бәрі достықтың белгісі деп ойлаймыз екі елдің арасындағы. Қазақтың өзі рулық емес, ұлттық деңгейге көшіп жатыр. Төле би қоры, Қазыбек би қоры келіп жатыр.

Жергілікті туризм басқармасының мәліметінше, Әйтеке бидің кесенесіне жыл сайын 7-8 мың адам зиярат етеді. Ал биыл оның қатары еселеп артып отыр. Кесенеге тағзым еткендердің қатарында Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі мен дипломатиялық миссия өкілдері бар. Бейбіт Атамқұлов Науаи облысының хокимі Нормат Турсуновпен кездесуде екі халықтың ортақ тарихы мен қазіргі қазақ-өзбек қатынасының нығаюы жолында атқарылып жатқан игі істерге тоқталды. Әрі ауқымды шараны ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті әкімдікке алғысын айтты. Бұл басқосу ежелден базары мен мазары бір елдердің ынтымағы артып, бірлігі бекемдей түскенін білдіреді.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның халық әртісі:

- Әйтеке би Қазыбек, Төле аталарымыздың үзеңгілес досы. Қазақтың қамын ойлап, елімізді, жерімізді кеңейтуге атсалысқан адамдар. Енді Әйтеке би бабамыздың ұрпақтары осы жерде бас қосып, бәріміз «Өлі разы болмай, тірі байымайды», - демекші осы жерде қызмет жасап жатырмыз.

Айта кетейік, 380 жылдыққа 3 мыңнан астам қазақстандық өнерпаз арнайы концерттік бағдарламамен келді. Тұтас қазаққа қадірлі қайраткердің өнегелі өміржолы халықаралық ақындар айтысында насихатталып, одан кейін Кенимех ауданында көкпар берілді. Онда еліміздің бірқатар аймағынан және Ресей, Германиядан барған қазақтар мен жергілікті қандастардың басы қосылды.

Авторы: Рауан Мыңбаев