Халықаралық сот тәліптер жетекшісін тұтқындауға бұйрық беруді сұрады

Халықаралық қылмыстық сот прокуроры Кәрім Хан ауған билігіндегі тәліптер қозғалысының жетекшісін қамауға алуға қатысты ордер сұрады.

Бұл туралы CNN ақпарат агенттігі хабарлады. Прокурордың сөзінше, тәліптер ауған әйелдері мен қыздарын кемсітіп, жәбір көрсетіп отыр. Сондай-ақ ол бұл әрекеттері үшін тәліптер қозғалысының басқа да ықпалды мүшелері қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс деп мәлімдеді. Былтыр Ауғанстанда әйелдерге бір-бірімен сөйлесуге тыйым салынған болатын. Сондай-ақ оларға университеттерде оқуға, орта мектептерге, колледждерге және сұлулық салондарына кіруге рұқсат жоқ.