АҚШ-та қамауға алынған жүздеген мигрант босатылды
АҚШ-тың көші-қон және кеден полициясы қамауға алынған 500-ге жуық заңсыз мигрантты босатты. Жергілікті «Эксиос» сайтының хабарлауынша, оларды ұстайтын орталықта орын жетпей жатыр. Босатылған азаматтарға электронды білезік тағылған немесе телефоны арқылы тіркеуден өтіп, қайда жүргені бақылауда болады. Ал кейін істері көші-қон сотында қаралады.
Дональд Трамп қызметіне кіріскелі АҚШ-та 8 мың заңсыз мигрант қамауға алынды. Солардың ішінде ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінгендері америкалықтардың Кубадағы әскери базасындағы Гуантанамо түрмесіне жеткізіледі. Бұл қатаң тәртіптегі түзету мекемесі. Кезінде мұнда «Әл-Каида» мүшелері қамауда отырған.