Америкалықтар ағынды суды тазарту технологиясын ұсынады

Қазір адамзат суды үнемдеп ішіп, шығынды азайтатын технологияларға жүгіне бастады. Өйткені жер шары бойынша халық санында өсім болғанымен, тіршілік нәрі тапшы. Сол себепті Бельгия билігі үнемдейтін кластерді пайдалана бастады. Ал Америка тазартатын тың технологияны іске қосты. Су үнемдеуге қатысты әлем елдерінде тағы қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Бельгияда су үнемдейтін кластер қолға алынды 

Бельгия билігі су үнемдеудің тиімді тәсілін ойлап тапты. Олар ұтымды жобаны әлемге алмұртымен әйгілі Лимбург провинциясында іске қосты. «Екотрон» деп аталатын инфрақұрылым климат өзгерісінің стимуляторы саналады. Күмбезді кластерде табиғи жағдайдың бәрі қарастырылған. Әр күмбезде температура, ылғалдылық, көмірқышқыл газы деңгейі, жарықтандыру сияқты параметрді дәл бақылауға болады. Ол жүйе су жетпесе, тіршілік нәрін толтырып береді. Тым көбейіп кетсе, шектейді. Күннің сәулесі де арнаулы технологияның арқасында жіті назарда болады. 

Франсуа Рино, Хасселт университетінің профессоры:

- Бұл сценарийді біз климат өзгерісі жөніндегі үкіметаралық комиссиядан алдық. 2040 жыл қыр астында тұр ғой, 20-ақ жыл қалды. Бірақ қазірден біз сол кездегі ыстық жиілігін болжай аламыз. Көп құрғақшылық болады.

 

Дашися су ресурстарын басқару жобасы аяқталуға жақын

Көршіміз Қытай су үнемдеу мен сумен жабдықтауда 172 ірі жобаны іске қосқан. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Дашися су ресурстарын басқару жобасы аяқталуға жақын. Қазір бөгет құрылысы бітіп, су қоймасын толтыруға дайындық жүріп жатыр. Оның биіктігі 247 метр, бұл шамамен 80 қабатты ғимаратқа тең. Әлемдік стандартқа сай бетонмен қапталған. Жоба толық аяқталғаннан кейін жылына 1,8 миллиард кВт таза электр энергиясын өндіреді. Сарапшылардың айтуынша, жоба сондай-ақ ауыл шаруашылығын суару жүйесінде де кәдеге жарайды.

Ли Ян, Дашися су ресурстарын басқару жобасының бас инженері:

- Дашися жобасы аяқталғаннан кейін біз тасқын кезіндегі артық суды қоймаға жинап, төменгі ағыстағы 540 мыңдай гектар  ауыл шаруашылығы алқабын суара аламыз.

 

Америкалықтар су үнемдеудің тың жобасын іске қосты

Америкалық Gradiant стартап жобасы суды тұтыну мен ағынды суды тазарту технологиясын ұсынады. Инновация фармацевтика, жартылай өткізгіш, азық-түлік сияқты тіршілік нәрін ауадай қажет ететін бірнеше салада қолданылады.  Яғни компания еріткіш, еріген тұз және органикалық заттармен ластанған суды қабылдап, сұйық қалдықтарды жоюмен айналысады. Бұл суды тазарту бойынша АҚШ-та қолға алынған алғашқы жоба. Күн сайын 1,7 миллиард галлон немесе 48 миллион адам тұтынатын мөлшердегі суды үнемдейді. Бастаманы іске қосу үшін жергілікті инвесторлар жақында компания бюджетіне 225 миллион доллар көлемінде қаржы құйды.

Авторы: Әсия Нұрлыбаева.