Өзбекстанда Орталық Азия елдерінің елшілері бас қосты

Орталық Азия елдерінің өзара сенім мен бауырластыққа негізделген саясаты көпке үлгі, деп хабарлайды 24kz.

Ташкентте бас қосқан көрші мемлекеттердің дипломаттары бұл ұстанымды одан әрі тереңдетуге мүдделі. Бүгінде Орталық Азияға деген әлемдік қауымдастықтың көзқарасы өзгерген. Алпауыт мемлекеттер аймақтағы елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ниетті. Мұның сыры Орталық Азия басшыларының жүргізіп отырған сындарлы саясатында жатыр.

Әлемде геосаясат құбылып тұр. Әлділердің әлсізге, әккілердің әр іске араласып, бейбітшілік ұғымын алыстатқаны өкінішті. Әй дейтін БҰҰ-ның сөзін елемей, есіргендермен қалай диалог орнатуға болады? Бұл ретте допломатияға үлкен жүк артылып отыр. 

Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:

- БҰҰ бұрынғы хатшысының: «Сенімсіз бейбітшілік жоқ, ал сенім диалогтан басталады» деген қанатты сөзі бар. Сол кісінің пікірі бүгінгі күні өзекті болып отыр. Әлемде геосаясат өзгеріп, дипломатияның жүгі ауырлады. Орталық Азия елдері бұл ретте өзара сенімнің арқасында байланыстарды бекемдеп, ұзақмерзімді стратегиямен дамып келеді. Біз оны қуаттаймыз.

Орталық Азия елдерінің ұстанған саясаты жаһанда көпке үлгі. Өзара сенім мен диалог, тарихы тереңде жатқан байланыс, көршілер арасындағы достық қатынастарды жаңа деңгейге көтерді.

Саидмұхтар Саидқасымов, Орталық Азия халықаралық институты басшысының кеңесшісі:

- Біздің Орталық Азия аймағы барлық сала бойынша өзара түсіністікпен дамып жатыр. Бұл ретте мемлекет басшыларының рөлін атап өткен жөн. Олардың диалог орнатуға деген ниеті, жиі кездесулері, мұның барлығы өте маңызды. Жалпы айтқанда, Орталық Азияның сыртқы сясаттағы көзқарасы оң. Бізден үлгі алғысы келіп, қызығатындар бар. Бұл жақсы үрдіс.

Дулат Нуркин, тілші:

- Рас, соңғы жылдары «Орталық Азия плюс», АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония форматындағы саммиттер жиі өткізілетін болды. Бұдан алпауыттардың аймаққа деген бетбұрысын аңғару қиын емес. Әлбетте, өзара тиімді жағдайда Орталық Азияның жаһанға ұсынары көп. Жиынға қатысушылардың ортақ тоқтамы осыған саяды.

Авторы: Дулат Нуркин