Кореяда көгершіндерге жем беруге тыйым салынды
1 миллион вон немесе 355 мың теңге.
Мұндай айыппұл Сеулде көгершіндерді қоректендіргені үшін қарастырылған. Оңтүстік Кореяның өзге өңірлерінде кептерлерге жем беруге тыйым салынды. Ереженің енгізілу себебі қандай?
Сеулде көгершін саны 1988 жылғы Олимпиада ойындары кезінде артты. Өйткені бұл құстар спорттық іс-шаралар кезінде аспанға ұшырылған. Билік көгершіндердің көбеюін қолдап, тіпті Хан өзені бойында олар үшін үлкен ұялар салған. Алайда 2020-2023 жылдар аралығында тұрғындардың көгершіндер келтірген зиянға қатысты шағымдары үш есеге өсіп, 1,5 мыңға жеткен. Халық негізінен үйлерінің жанындағы құс саңғырығына шағымданған.
Владислав Цой, тілші:
- Заң тек көгершіндерді ғана емес, жабайы аң-құстардың барлығын қоректендіруге тыйым салады. Олардың қатарына торғайлар, сауысқандар, қарғалар, көгершіндер және доңыздар жатады. Дегенмен, қалада көбінесе көгершіндерді қоректендіреді. Бұл құстар негізінен алаңдарда, вокзалдарда және саябақтарда көп жиналады. Енді көгершіндерді қоректендірген адам 1 миллион вон немесе 355 мың теңге айыппұл төлейді.
Көгершіндер тіпті сәулет ескерткіштерін бұзады. 1999 жылы 14 ғасырдағы Вонгакса пагодасын құс саңғырығынан қорғау үшін үкімет әйнек пен болаттан жасалған құрылым тұрғызды. Бұл жобаға шамамен 1 миллиард вон жұмсалған. Алайда көгершіндерді тамақтандыру олардың санын үш есеге арттырды. Сондықтан Сеул билігі қатаң шара қабылдауға мәжбүр болды.
Пак Ми Сон, Сеул қаласы әкімдігі табиғат және экология басқармасының директоры:
- Көгершіндердің саңғырығы ғимараттарда, көпірлерде және басқа да құрылыстарда жиналып, жоғары қышқылдығына байланысты коррозия тудырады. Сонымен қатар, көгершіндердің түлеуі тыныс алу ауруларына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ адамдар көгершін саңғырығына басып, оны үйлеріне алып кету арқылы бактериялардың таралу қаупін тудырады.
Бұл шарамен жануарларды қорғау қауымдастығы келіспейді. Олардың пікірінше, көгершіндерге жем бермесе, олар аштықтан қырылады. Экобелсенділер оларды қоректендіруге тыйым салудың орнына, арнайы кобеюіне қарсы препараттар қосылған жем беру арқылы көгіршіндер санын азаюды ұсынады.
Ли Вон Бок, Корея жануарларды қорғау қауымдастығының президенті:
-Біз саясат тыйым салуға емес, көгершіндердің санын реттеуге бағытталуы керек деп есептейміз. Бұрын Сеулде қаңғыбас мысықтарға қатысты дәл осындай мәселе болған. Бастапқыда билік оларды ұстап, жоюға тырысты. Бірақ тұрғындардың наразылығынан кейін стерилизация жасап, қайта босату бағдарламасы іске қосылды, нәтижесінде олардың саны біртіндеп азайды.
Жануарларды қорғау қауымдастығы өз ұсыныстарын парламент қарауына жіберді. Ал Сеулде көгершіндерді қоректендіруге тыйым салу күшіне енді, бірақ айыппұл 1 наурыздан бастап салынады. Бір ай бойы билік тұрғындарға бұл тыйымның себептерін түсіндіреді.
Владислав Цой, Ольга Лян