Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын жеңілдетуі тиіс
Оңтүстік Кореяда келесі айда жаңа оқу жылы басталады.
Сол кезде 5 миллион бала жасанды интеллект негізіндегі оқулықтармен қамтылады. Тайваньда мұндай оқу құралы былтыр қолданысқа берілген. Ол мұғалімдердің жұмысын жеңілдетуі тиіс. Ал Италияда ұстаздарды қағазбастылықтан арылту үшін виртуалды көмекшілер жұмыс істейді.
Оңтүстік Кореяда 5 млн бала цифрлық оқулықпен қамтылады
Оңтүстік Корея мектептерінде биыл жасанды инттеллект негізіндегі оқулықтар енгізіледі. Олар баланың оқу қабілетін бағалап, мазмұнын әр оқушының қабілетіне қарай бейімдеп отырады. Технологияны дайындаумен LG, Samsung секілді жергілікті ірі компаниялар айналысып жатыр. Цифрлық оқулықпен 5 миллион бала қамтылады. Технология роботпен жұмыс істейтін электронды тақталармен жабдықталған. Нейрожүйе балалардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындай алады. Оқулықтар математика, ағылшын тілі және ақпарттану пәндерінде қолданылмақ. Ал 2028-жылы тарих, жаратылыстану ғылымдары мен қоғамтануда пайдалану жоспарланып отыр.
Тайвань мектептерінде жасанды интеллект негізіндегі оқулықтар енгізілген
Тайваньда балалар жасанды интеллект негізіндегі оқулықтармен оқып жүр. Бірақ әзірге ол тек санаулы мектепте ғана қолжетімді. Инновациялық құрал әр баланың оқу үлгерімін саралап, оның осал тұстарын анықтайды. Ал мұғалімдер тура сабақтың үстінде бағдарламаға өзгертулер енгізе алады. Мұндай оқулық педагогтың жұмысын жеңілдетуі тиіс. Жобаны әзірлеуге ең тәжірибелі ұстаздар мен ең үздік технологиялық компаниялар қатысқан. Тайванның білім беру министрлігі алдағы уақытта жасанды интеллект саласында арнайы аляьнс құруға ниетті. Оған арал мемлекеттегі 25 жоғары оқу орны кіреді.
Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер бар
Ал Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер енгізілген. Бұл жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бағдарлама. Жоба әзірге тек сынақ ретінде жүзеге асырылып жатыр. Ол оқушыларға өз қабілетін арттыруға көмектесуі тиіс. Әр балаға мүмкіндігіне қарай жеке оқу бағдарламасы таңдалады. Әсіресе дарынды оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Жасанды интеллект мұғалімдердің де әкімшілік жүктемесін азайтады. Нәтижесінде ұстаздар қағазбастылықтан арылып, шәкірттеріне көберек көңіл бөле алады.
Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова