Б.Нетаньяху: Тұтқындағылар босатылмаса, әскери операция қайта басталады

Хамас ұйымы тұтқындағыларды осы сенбі түске дейін бостандыққа жібермесе, Израиль тарапы әскери операцияны қайта бастайды.

Премьер-министр Биньямин Нетаньяху қауіпсіздік кабинетінің отырысында осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Хамастың келісімді бұзу туралы шешіміне байланысты Израиль Қорғаныс әскеріне Газа секторының айналасында арнайы күш шоғырландыруға бұйрық бергенін жасырмады. Әзірге ол қозғалыс өкілдерінен қанша адамды босатуды талап ететінін нақтылаған жоқ. Бірақ келісімге сәйкес, осы сенбіде 3 израильдік тұтқын босатылуы тиіс. Жалпы 76 израильдік кепілде отыр.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз АҚШ президенті Трамптың сенбі күні түске дейін кепілге алынғандарды босату туралы талабын құптаймыз. Қазір Газа секторының маңында әскери күш жинау операциясы жалғасып жатыр. Ол жақын арада аяқталады. Хамас осы сенбі талапты орындамаса, атысты тоқтату туралы келісім толық күшін жояды.