Әмірлікте көлік апатын суретке түсіргендер $40 мың айыппұл төлейді
Біріккен Араб Әмірліктерінде жол-көлік ережесін бұзған жүргізушілер қомақты айыппұл төлейді. Оның мөлшері біздің ақшаға шаққанда 400 мың теңгеден асады. Бұдан бөлек, араб мемлекетінде жол апатын суретке түсіріп, камераға жазып алуға болмайды. Мұндайда ол адам жауапкершілікке тартылады. Жаза да қатаң.
Қатаң тәртіп пен қасаң қағида. Заң нормалары қашанда өзгеден ерекшелініп тұратын Біріккен Араб Әмірліктері жолдағы қауіпсіздікке аса мән береді. Ережені елемегендер тиісті орган тарапынан қатаң жазаланады. Жылдамдық асырғандарға кейде 400 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Дегенмен Әмірлікте ереже бұзғандарды жазалаудың екі жүйесі бар. Әуелгісі айыппұл, екіншісі балдық тәртіппен екшеледі. Шетелдік туристерге соңғысы қолданылмайды. Ал көлік апаты болған жағдайда тәртіп-талап бәріне бірдей. Мұндайды Дубай полициясы ерекше бақылауға алады. Қаланың барлық бөлігі бейнебақылау және жылдамдық есептеу құрылғыларымен қамтылған. Бірде-бір заңбұзушылық назардан тыс қалмайды.
Тағы бір ерекшелік, елде қандай да бір жол апатын ұялы телефонға түсіріп, кейін оны әлеуметтік желіге жүктеуге жол берілмейді. Ережені бұзған адам 40 мың доллар айыппұл төлеуі мүмкін. Мұны жергілікті билік ең алдымен моральдық тұрғыда маңызды деп санайды.
Дубай және Әбу Дабиде ақылы жолдар барын да айта кеткен жөн. Қалаішілік ірі даңғылдарда әр автокөлік иесінен шамамен 1000 теңге төлем автоматты түрде алынады. Тәртіп пен жаза жылдан жылға қатаңдай түскеніне қарамастан Дубай секілді ірі шаһарларда темір тұлпар тізгіндейтіндер көп. Соған сай кептелісте тұру уақыты да ұзарып барады. Салдарынан былтыр әмірлік халқы орташа есеппен 35 сағатын жол бойында өткізген.
Авторы: Рауан Мыңбай.