Қытайда жол апатынан жылына 60 мыңдай адам опат болады
Қытай – әлемдегі жол апаты ең көп болатын елдердің бірі. Мұнда тәулігіне 160-тан астам адам жол апатынан көз жұмады. Ел билігі түрлі шараларды қолданып, қатаң шектеулер енгізгенімен мәселе шешілмей тұр. Тіпті озық үлгідегі инфрақұрылым да апатты тоқтатуға сеп болар емес.
Статистикаға сәйкес Қытайда жылына 255 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Салдарынан 60 мыңнан астам адам опат болады. Тағы 250 мыңға тарта адам түрлі дене жарақатын алады.
Әсіресе мопед пен электровелосипед тізгіндегендер апатқа жиі ұшырайды. Ереже бола тұра, көбі бағдаршам белгілеріне қарамайды, бағынбайды, асығыс жүреді. Бүгінде ел аумағында 350 миллион осындай көлік түрі тіркелген. Кейінгі үш жылда қос дөңгелекті көліктердің қатысумен болатын жол апаты салдарынан адам өлімі 5,85%-ке өскен. Ал ел экономикасына 1,18 миллиард юань шығын келген. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес автомагистральдердегі жол апатының 46%-і әдбен тозған шиналарды пайдалану салдарынан болатындығы анықталған.
Апатқа жиі алып келетін тағы бір себептің бірі – телефон. Бұл мәселе біздің елдегідей Қытайда да өткір тұр. Жол жиегіндегі миллиондаған бейнекамера, жол ережесі, қатаң шектеулердің әсері шамалы. Жыл сайын салаға құйылатын миллиардтаған қаржы, жолдардың тегістігі мен көш ілгері дамыған инфрақұрылым да көмектеспейді.
Сондай-ақ мас күйінде көлік жүргізетіндерге заң қатаң. Мәселен, Бейжіңде мұндай жүргізушілер 15 күнге қамалады. Қоғамдық қауіпсіздік органдары 5 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырады. Ал заңды бірнеше рет бұзғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалады. 2024 жылы Қытайда көлікті мас күйінде басқарған 303 мың жүргізуші ұсталған. Оның 250 мыңының үстінен іс қозғалды. Дегенмен кейінгі жылдары заңның қатаңдауына байланысты көрсеткіш 41%-ке төмендеген.
Көлік жүргізушілеріне қатысты тағы бір қызық дерек. Қытайда жылына әр көлік жүргізушісіне 12 балл беріледі. Егер жүргізуші жол ережесін бұзған жағдайда осы балл шегеріліп отырады. Кімнің қанша рет және қандай ереже бұзғандығы арнайы базада тіркеледі. Ал енді балл мүлдем таусылған жағдайда жүргізуші жол-көлік ережесіне қатысты емтихан тапсыруға міндеттеледі. Емтиханнан өте алмаса, жүргізуші куәлігінен айырылады.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын.