Жапонияның еңбек нарығына қаржы менеджері қажет

Әлемде алдағы онжылдықта шамамен 170 млн жаңа жұмыс орны ашылады. Еңбек нарығының қайта құрылуына технологиялық тенденция, жасыл экономикаға көшу және демографиялық өзгерістің әсері себеп. Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамы осындай. Әсіресе медицина мен технология саласына білікті маман қажет. 

Америкада мейірбике тапшы

АҚШ-та тәжірибелі мейірбикелерге сұраныс жоғары. Бұл дәрігердің көмегінсіз өз бетінше науқастарды қабылдап, толық тексеруден өткізіп, ем-дом тағайындайтын маман. Олардың айлық табысы еңбек өтілі мен әр штатқа байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, Калифорнияда мейірбикелерге жылына 113 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы төленеді. Аймақта сала мамандарына сұраныс артқан сайын, бос жұмыс орны да көбейіп отыр. CBS News келтірген мәліметке сүйенсек, былтыр 250 мыңдай маман тапшылығы байқалған. Келер жылы сұраныс тағы 20%-ке өседі деген болжам бар. Сарапшылар мұны аймақта ауру-сырқаудың артуымен байланыстырады.

 

Еуропаның жаңартылатын энергия секторында жаңа жұмыс орны құрылады

Жаһанның жасыл экономикаға көшу үдерісі осы саладағы мамандарға сұранысты арттыра түсті. Әсіресе кәрі құрлықта қажеттілік жоғары. Еуропада күн энергиясы, жел электр станциялары және тұрақты құрылыс саласы бойынша бос жұмыс орны көп. Еуростат келтірген мәліметке қарағанда 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия секторы бойынша 1 миллионнан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Мұнан соң медицина мен биотехнология саласына маман қажет.

 

Технологияның тілін білетіндер сұраныстан түспей тұр

Бразилияның еңбек нарығында ең танымал мамандық – киберқауіпсіздік және талдау қызметкерлері. Кейінгі жылдары аймақтағы алып компаниялар цифрлық технологияға біртіндеп көшіп жатыр. Осы себепті заманауи технологияның тілін білетін мамандар сұраныстан түспей тұр. Жұмыс берушілер сала қызметкерлеріне айына 5 мың АҚШ долларына дейін жалақы төлеуге әзір. Мұнан бөлек, сұраныстағы мамандықтар тізімін тағы жасанды интеллект модельдерін жасайтын промпт-инженер мен қаржы саласының менеджерлері толықтырып тұр.

 

Жапонияның еңбек нарығына қаржы менеджері қажет

Жапонияның еңбек нарығы қаржы саласының мамандарын қажет етеді. Осы жылы қаржылық тәуекелдерді басқару жөніндегі менеджерлер үлкен сұранысқа ие. Олар компанияның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ықтимал тәуекелдерді анықтап, бағалайды. Олардың жылдық табысы 120 мың АҚШ доллары шамалас. Сондай-ақ заң саласының мамандарына да қажеттілік таудай. Жылына 175 мың долларға дейін табыс таба алады.

Әсия Нұрлыбаева, 24КЗ.