Путин соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды — Трамп
«Путин соғыстың тезірек аяқталғанын қалайды. Бұған мен сенімдімін». Ресей президентімен телефон арқылы сөйлескен Ақ үй басшысы Дональд Трамп осылай деді. Владимир Путинмен болған әңгімеден соң АҚШ Президенті Володимир Зеленскиймен де хабарласып сөйлескен. Қос елдің президенттерімен болған қоңыраудан соң Дональд Трамп Ақ үйде шағын брифинг өткізді, нендей маңызды мәселелер айтылды? Трамптың Газаға қатысты жоспары қалай болып жатыр? Қарсы болып жатқандар да көп қой?
Д. Трамп Ресей және Украина президенттерімен телефон арқылы сөйлесті
Шығыс Еуропадағы қақтығысты Ақ үйге кіре салысымен 24 сағатта бітіремін деген Дональд Трамп 24 күн өткен қатып қалған сеңді жібіте бастады. Астана уақытымен түн ортасында болған қоңыраулар Трамптың министрлерінің кезек-кезек кәрі құрлыққа ағылуы осыған дәлел. Өздеріңіз айтқандай, телефондағы әңгімелесуден соң Ақ үйде АҚШ барлау қызметінің жаңа басшысы Тулси Габбардтың ант беру рәсімімен қатар осы бір өзекті мәселелер бойынша брифинг өтіп, журналистер президентті сұрақтың астына алды.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Ресей президентімен телефондағы әңгімеміз өте мазмұнды болды. Путиннің ойында не барын адамдар білмеуі мүмкін. Бірақ меніңше, ол да бұл соғыстың біткенін қалайды. Бұны зор сеніммен айта аламын және бұған жету жолында барынша жылдам әрекет етуге тырысамыз. Алда Путинмен телефон арқылы сөйлесе бермекпін. Бірақ алғашқы жүзбе-жүз кездесуіміз Сауд Арабиясында болатын сияқты.
Бұдан бөлек Президент Ресейге іссапармен барғысы келетінін, Путинді АҚШ-та да қабылдағысы келетінін жасырмады. Осы қоңырауға қатысты солтүстік көршіміздің пікірін Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жеткізді.
Дмитрий Песков, Ресей Президентінің баспасөз хатшысы:
- АҚШ президенті Дональд Трамппен болған телефон қоңырауы өте ұзақ болды. Бір жарым сағатқа созылды. Екі ел басшылары өзара тұтқын алмасу процесі бойынша босатылған азаматтар жайын да талқылады. Украина мәселесі де сөз болды. АҚШ президенті қақтығысты барынша тезірек, бейбіт жолмен шешуге мүдделі екенін жеткізді. Президент Путин мәселенің түп-тамырына балта шабу керектігіне мән берді.
Бұдан бөлек, президенттер Таяу Шығыстағы мәселелері, екіжақты қарым-қатынас пен АҚШ билігі өкілдерін Ресейде қабылдау бойынша өзекті тақырыптарды қозғаған.
Осы орайда естеріңізге сала кетейік, Трамп-Путин арасындағы телефон байланысы екі ел басшыларының 2022 жылдың ақпанындағы қоңырауларынан кейінгі алғашқы ресми әңгіме болып отыр. Яғни тура үш жылдан кейін екі елдің байланысы қайта жандана басталды. Бұл қоңырауға Украина тарабы сақтықпен қарап отыр. Себебі бейбіт келісімге жеткеннің өзінде Украина өзінің 2014 жылға дейінгі территориясына қол жеткізе алмауы әбден мүмкін секілді.
Володимир Зеленский, Украина президенті:
- Біз дипломатиялық, әскери және экономикалық мәселелерді қоса алғанда, көптеген маңызды жайтты талқыладық. Әңгіме ұзаққа созылды. Президент Трамптың біздің ортақ мүмкіндіктерімізге қызығушылық танытқанына алғыс білдіремін. Әрі ол маған Путинмен болған әңгімесінің мазмұнын да жеткізді. Біз АҚШ-тың қуаты, біздің және барлық серіктестеріміздің күш-жігерімен біріге отырып, бейбітшілікке келу үшін Ресей мен Путинге жеткілікті деңгейде қысым көрсете алады деп санаймыз.
Дональд Трамп Мәскеуге баруға ниетті болғанымен, Киевке іссапар жасау жайлы сөз қозғамады. Десе де бүгін Украинаға АҚШ-тың қаржы министрі Скотт Бессент барып, Зеленскиймен кездесті. Бессент Украинаның соғыстан кейінгі қауіпсіздігі мен Киев-Вашингтон арасындағы пайдалы қазбалар бойынша 500 млрд долларлық уағдаластықтың ықтималдығын талқылады. Бұл АҚШ-тың Украина бойынша шығындарының орынды қайтарылуы бойынша кепілдік болуы мүмкін. АҚШ-тың қорғаныс министрі де қазір Вашингтоннан Брюссельге аттанды. Бұрынғы тележүргізуші әрі қорғаныс саласының ардагері бейбіт келісім бойынша мынадай ақпараттарды айтты.
Пит Хегсет, АҚШ қорғаныс министрі:
- Біз де сіздер сияқты Украинаның дербес болып, қарыштап дамығанын қалаймыз. Бірақ алдымен Украинаның 2014 жылға дейінгі территориялық тұтастығына қайта оралуы мүмкін емес меже екенін түсінуіміз керек. Әйтпесе соғыс еш тоқтамайды. Бейбіт келісім қауіпсіздік кепілдігі негізінде құрылуы керек. Соғыстың қайта өршімейтініне көзіміз жетуі керек және АҚШ Украинаның НАТО-ға мүше болуы бейбіт келісімге оң әсерін тигізеді деп санамайды. Оның орнына Еуропалық және өзге де күштік құрылымдардың қолдауы қажет. Алайда ол да НАТО миссиясынан тыс болуы керек.
Әзірге үш жылға созылған соғыстың бейбіт келісіміне қатысты келіссөздер осылай жүріп жатыр. Бұдан да өзге жаңалықтарды ертең Мюнхендегі Қауіпсіздік конференциясы аясында білуіміз мүмкін. Вице-президент Джэй Ди Вэнс пен Мемлекеттік хатшы Марко Рубио бастаған делегация Германияда Украина өкілдерімен кездесіп, алдағы жоспарларын пысықтайды.
Ал Трамптың Газаны иемдену бойынша жоспары қалай болып жатыр? Қарсылық бәсеңдемей тұрған сияқты ғой?
Иордания королі газалықтарды көшіруге қарсылық танытты
Иә, Дональд Трамп әзірге ол жоспарынан бас тарта қойған жоқ. Осы аптада Ақ үйге араб елдерінен алғашқы болып Иордания королі қонақ боп келді. Басшылар брифингте негізінен Газа мәселесін талқылады.
ІІ Абдулла, Иордания королі:
- Мысыр пен араб елдерінің де өз жоспары бар екенін есте сақтауымыз керек. Бізді Сауд Арабиясының ханзадасы Эр-Риядта келіссөздер жүргізуге шақырды. Менің ойымша, басты мәселе – бұл процесті барлығына тиімді етіп ұйымдастыру. Әрине, біз АҚШ-тың, аймақ халқының, әсіресе менің Иорданиядағы халқымның мүдделерін ескеруіміз қажет. Қазіргі сәтте жасай алатын нақты қадамдардың бірі – қатерлі ісікке шалдыққан немесе ауыр халдегі 2000 баланы Газадан Иорданияға шұғыл көшіру. Әзірге осы.
Дональд Трамп, АҚШ президенті:
- Сіз атап өткен 2000 науқас баланы эвакуациялау өте бір де игі іс дер едім. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Енді қалған жұмыс бойынша Мысырмен бірге біз үлкен жетістіктерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Меніңше, АҚШ бұл аймақта үлкен территорияны бақылауда ұстай отырып, Таяу Шығыста алғаш рет тұрақтылық орната алады. Ал палестиналықтар немесе қазіргі Газа тұрғындары басқа жерде қауіпсіз әрі бейбіт өмір сүруге мүмкіндік алады. Олар енді қырғынға ұшырамайды, әр 10 жыл сайын босқын болмайды. Мен бұл мәселені ұзақ жылдар бойы бақылап келемін және ол үнемі қайталанып келеді.
Осы мәлімдемелерге қарап, салмақтың басым бөлігі Мысырға түсуі мүмкін екендігін байқауға болады. Мысыр да, Иордания да – АҚШ-тан үлкен көлемде әскери және қаржылық көмек алып отырған елдер. АҚШ оларға қысым көрсетпейміз десе де, осы бір мәлімдемлердің өзі олардың ең алдымен өз халықтары алдында ыңғайсыздау жағдайға қалдырып отыр. Бұл мәселе де алдағы Риядтағы кездесулер аясында шешілетін сияқты.