Өзбекстан құрамасы Олимпиадада үздік ондықтан көрінуі тиіс – Ш.Мирзиёев

Өзбекстан құрамасы 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпиада ойындарында командалық есепте үздік ондықтың ішінен көрінуі тиіс, деп хабарлайды 24kz

Мемлекет басшысы Шавкат Мирзиёев шенеуніктерге осындай тапсырма берді.

Ол үшін жауапты үкімет мүшелерінен бастап аудан, ауыл әкімдеріне дейін бір мақсатта жұмылуы керек. Мемлекет басшысы спорт федерацияларын басқаратын министрлер мен республикалық ұйым жетекшілерінің жұмысын сынға алды. Айтуынша, шенеуніктер мен бапкерлердің арасында байланыс жоқ. Оның салдары спорттағы төмен нәтижелерге әкеліп жатыр. 

Еске салайық, былтыр Париж Олимпиадасында Өзбекстан құрамасы жалпы есепте 13-орыннан көрінді. Президент Франциядағы көрсеткішке тоқмейілсуге болмайтынын қадап айтты.

Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының Пезиденті:

- Өзбекстанның олимпиада тарихы тек жекпе-жек спорты түрлеріндегі жетістіктермен жазылып жатыр. Париждегі бәсекеде, бокс, дзюдо, таеквондо, ауыр атлетика мен еркін күрестен медаль алдық. Демек, қалған спорт түрлерін дамыту керек. Елдің иммиджі мен халықтың рухын көтеруде спорттың орны бөлек.