Отандасымыз Оңтүстік Кореяда қазы жасайтын цех ашты
Жылқының көбейгені бір есептен экспортты арттырады. Енді көрші маңай тұрмақ, алыстағы оңтүстіккореялықтар да қазы-қарта жей алады, деп хабарлайды 24kz.
Тараздың тумасы Дмитрий Пяк осы елде жылқы етінен шұжық жасайды.
Владислав Цой, тілші:
- Оңтүстік Кореяда қазы, міне, осылай жасап шығарылады. Дайын өнім металл қалдықтарының бар-жоғына тексеріледі. Егер құрамынан анықталып жатса, жарамсыз деп танылады. Бұл елде ет өнімдерін өндіруге қойылатын санитарлық талаптар өте қатаң. Цех қызметкерлерінің барлығы арнайы киім киюге міндетті. Өндіріс орнында нөльден төмен температура сақталуы тиіс. Барлық талаптарды орындамай және арнайы жабдықсыз ет өнімдерін шығаруға рұқсат алу мүмкін емес.
Дмитрий Пяк, кәсіпкер:
- Біз тағам өндірісінен хабары бар кеңесші жалдадық. Қазы сырттай шұжыққа ұқсайды ғой. Сондықтан біз шұжық өндіру тәсілін негізге алдық. Оны дайындау әдісіміз оңтүстікқазақстандық десем болады. Біз ол жақта тұрғанда қазыны өзіміз жиі жасайтынбыз. Әжем әзірлейтін, мен де көмектесетінмін. Рецепті қарапайым – тұз, сарымсақ, қара бұрыш, ет, бәрін араластырып, ішекке саламыз.
35 жастағы кәсіпкер Дмитрий Пяк 2008 жылы оқуға келген. Содан бері Оңтүстік Кореяда тұрады. Бірнеше азық-түлік дүкенінің иесі. Қазыны жасап шығаратын өндіріс ашу идеясы оған 6 жыл бұрын келген. Бірақ өткен жылы ғана лицензия алып, цех ашты. Жылқы етін Чеджу аралынан сатып алады. Бұл – Оңтүстік Кореяда жылқы етін тұтыну дәстүрі сақталған жалғыз аймақ. Бұл аспаздық дәстүр XII ғасырда, Кореяға моңғол әскері басып кірген кезде пайда болған. Қазір жергілікті халық арасында: «жылқы етін жүктілік және бас айналу кезінде жеу пайдалы» деген мақал-мәтелдерді естуге болады.
Дмитрий Пяк, кәсіпкер:
- Чеджу аралында жылқы етін жейді, бірақ олар оны шикілей, сашими түрінде тұтынады. Біз қазір өте жақсы жеткізушімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның жеке жылқы фермасы бар. Біз онымен келісімге келдік, жылқыларды арнайы бордақылайды. Себебі мұнда жылқылар аса семіз емес. Сондықтан оларды бір айдай ұстап, семіртіп барып алатын болып келістік.
Пяктың кәсіпорнында дайындалған қазылар ТМД елдерінен келген кәсіпкерлердің дүкендерінде сатылады. Әсіресе, Қазақстан мен Өзбекстаннан келген мигранттар тарапынан сұраныс жоғары. Жаңа жыл мен Наурыз мерекелері қарсаңында сатып алушылар тіпті көбейеді. Паран қаласындағы дүкен қызметкері Кристина Юн Кореяға Қапшағайдан келген. Ол қазы сатып алып, ет асқанды ұнатады.
Кристина Юн, дүкен қызметкері:
- Мұнда бәрі дайын күйінде сатылады. Мен жайма, дайын қазы сатып аламын. Жайманы қайнатып, үстіне пияз қосамын. Кейбіреулер сәбіз де қосады.
Дмитрий Пяктың цехы жылына шамамен 6 тонна жылқы еті мен қазы өндіреді. Биыл кәсіпкер бұл көлемді 7 тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл Чеджу аралы тұрғындары арасында да қазыға деген қызығушылық жыл сайын артып келе жатқанын көрсетсе керек.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян