Грузияда азық-түлік банкі ашылады

Грузияда алғашқы азық-түлік банкі іске қосылмақ, деп хабарлайды 24KZ. Жоба мұқтаж жандарға көмектесіп, тамақ қалдықтарын азайтуға күш салады.

Грузияда көп ұзамай азық-түлік банкі ашылады. Ол дүкендер мен тауар өндірушілерден артылған өнімдерін жинап, мұқтаж жандарға таратады. Осылайша аталған ұйым халыққа әлеуметтік көмек көрсетіп қана қоймай, аштықпен, азық-түлік қалдықтарын азайтумен күреспек. Игі бастамаға БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы ұйытқы болды.

Джуба Маруашвили, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының саяси кеңесшісі:

- Азық-түлік банкі – Грузия мен жалпы Кавказ аймағы үшін жаңа бастама. Ол халықаралық талаптарға сай қойма ретінде жұмыс істеп, адамдарды тегін азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Біз бұл жобаны Еуропалық Одақпен бірлесе әзірледік. Бельгия, Франция және Италия тәжірибелерін зерттедік. Нәтижесінде мұны Грузияда да қолдануға болатынын түсіндік.

Былтыр Грузияда «Азық-түлік өнімдерінің ысырабы мен бұзылуын азайту және қайтарымсыз көмек көрсету туралы» заң қабылданды. Сол арқылы тауар өндірушілер мен жеткізушілер азық-түлікті фуд-банкке ешбір салықсыз өткізе алады. Қазірдің өзінде екі ірі сауда желісі жобаға қатысуға дайын. Тағы төрт компания тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр.

София Кашакашвили, Грузия ритейлерлер қауымдастығының атқарушы директоры:

- 2024 жылы қабылданған заңның арқасында бизнес салықтық жеңілдіктерге қол жеткізді. Осы уақытқа дейін аталған жобаға 3 дүкен қосылды. Басқа сауда орындары да біртіндеп кірісіп жатыр. Жоба әзірге сынақ ретінде жұмыс істеп тұр. Ол тұрақты түрде қызмет ете бастағанда қатысушылар саны да арта түседі.

Гүржі халқының 12%-і кедейлікте өмір сүріп жатқанына қарамастан 2020 жылы елде 260 тоннадан астам азық-түлік қоқысқа тасталған. ФАО дерегі бойынша Кавказ аймағында, оның ішінде Грузияда халықтың 4%-і тойып тамақ ішпейді. Осы жобаның арқасында Грузия батысында алғашқы 1000 адам іріктеліп, толықтай азық-түлікпен қамтылмақ.

Авторлары: Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.