Өзбекстанда сотталғандар кітап оқып, жазасының мерзімін қысқартады

Кітап оқып, жаза мерзімін қысқартуға болады.

Өзбекстанда темір торда отырғандарды түзеуге арналған заң жобасы Олий Мәжілісте қаралып, мақұлданды.

Құжатта сотталғандар 1 кітап оқып, шығарма желісі бойынша емтихан тапсыруы тиіс. Егер сәтті қорғап шықса, жаза мерзімі 3 күнге азаяды. Сарапшылардың пайымынша, аталған бастама темір торға түскендерді түзетіп, оңалтуға ықпал етеді.

Өзбекстанның 49 түрмесінде кітапхана бар. Онда 230 мыңнан астам түрлі жанрдағы шығарма қоры жинақталған. Алайда сотталғандардың оқуға деген ынтасы шамалы көрінеді. Ішкі істер министрінің айтуынша жаңа кодекс жазасын өтеушілер арасында кітапқа қызығушылық оятып, олардың түзелуіне жол ашады. 

Рамазон Ашрапов, Өзбекстан Ішкі істер министрінің орынбасары:

- Заң жобасы аясында Қылмыстық кодекс жаңа баппен толығады. Атап айтқанда, 1 кітапты оқып, сол еңбек бойынша емтиханды сәтті тапсырған азаматтардың жаза мерзімін 3 күнге қысқарту жоспарланған. Бір жағынан бұл сотталғандар үшін түрмедегін күндерін азайтуға ынталандыру болмақ.

Түрмедегі кітапхана қорын республикалық рухани-ағарту орталығы бекітеді. Бұл ретте шектеу де  жоқ емес. Мәселен сотталғандар жылына 10 кітаптан көп оқып, емтихан тапсыра алмайды.

Ғуломжон Самадов, Өзбекстан Олий Мажлис заң шығару палатасы баспасөз қызметінің жетекшісі:

- Осы заң жобасы аясында қылмыстық кодекске жаңа бап енгізу көзделіп отыр. Мұнан бөлек егер сотталушы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылса, оның кітап оқығаны ескеріледі.

Сотталғандардың жазасын қысқартуға мүмкіндік беретін осы тектес жобалар әлемдік тәжірибеде бар. Мәселен Бразилия түрмелерінде 1 кітап оқып, емтихан тапсырғандардың жаза күні 4 күнге қысқарады. Олий Мәжіліс депутаттары мақұлдаған заң жобасы Сенат қарауына жолданды. 

Дулат Нуркин