Кемеден китке қауіп көп

Жаһандық жылыну салдары экологияға ғана емес, жан-жануар мен теңіздегі тіршілік иелерінің жойылып кетуіне де әсер етеді. Оған кейінгі зерттеулер дәлел.

Мысалы, су астындағы алып киттер жер бетінен мүлдем жоғалу алдында тұр.

Бұған климаттық өзгерістен бөлек, адамзаттың қолымен жасалатын әрекеттер де себеп. Ал табиғаттың тепе-теңдігі бұзылса, жер шарында үлкен өзгеріс болуы ықтимал. Өйткені бізді қоршаған аң-құстың табиғатқа, адамзатқа тигізер пайдасы орасан.

Киттің пайдасы көл-көсір

Мұхиттағы ең ірі сүтқоректі алып киттің популяциясы азайып келеді. Қазір 1,5 млн ғана теңіз жануары тіршілік етеді. Әсіресе, көк китке жойылып кету қаупі төніп тұр. Бұл киттердің ішіндегі ең алыбы. Ұзындығы 30 метр, салмағы 136 тонна тартады. Қазір теңіз бен мұхитты 25 мыңға жуық көк кит мекен етеді. Қаншалықты жыртқыш болғанымен, браконьерлер тарапынан оған қарсы шабуыл тоқтамай тұр. Өйткені пайдасы киттің көл-көсір. Жұрт алдымен оның етін тұтыну үшін аулайды. Ал майы тұрмыста кәдеге жарамды. Оны тағамдық қоспа, фармацевтикалық препарат, сабын әзірлеу үшін шеміршегімен бірге жиі қолданады. Шам майы ретінде де пайдаға жаратуға болады.

Кемеден китке қауіп көп

Кит демекші, Калифорния шығанағындағы тіршілік иелеріне қауіп төніп тұр. Мексикадағы жергілікті компания теңіз кемелері арқылы сұйытылған көмірқышқыл газын экспорттау үшін жаңа жоба жүзеге асырылғалы отыр. Экологтардың айтуынша, бұл киттердің жаппай өліміне әкелуі мүмкін. Өйткені теңізде кемелердің китпен соқтығысып қалу қаупі жоғары. Осыған алаңдаған жергілікті жұрт шеруге шығып, жобаның жүзеге асуына наразылық білдірді. Мексика үкіметінің мәліметіне сәйкес, балықтың 900 түрі, әлемдегі барлық теңіз сүтқоректілерінің 39% - ы осы Калифорния шығанағында тіршілік етеді. Сұр, көк және өркеш киттер де бар.

Пабло Монтано, «Conexiones Climaticas» ұйымының үйлестірушісі:

- Газды тасымалдау үшін Калифорния шығанағы арқылы ұзындығы 300 метр алып кемелер жүреді. Олар киттер көбею үшін пайдаланатын аймақты да кесіп өтеді. Бұл жүк көлігінің мектеп пен ойын алаңынан үстінен жүріп өткені сияқты. Бұл тіршілік иелерінің өліміне итермелейді. 

Ақ аюдың жүні мұзға жабыспайды  

Ирландиялық ғалымдар полярлық аюдың жүні қатты салқынға төзімді екенін анықтады. Олар аюдың терісін зерттеп, май жабынының құрамында холестерин, диацилглицерин және май қышқылдары барын айтады. Science Advances журналында жарияланған зерттеуде, май мұздың денеге жабысуын айтарлықтай төмендететіні жазылған. Майды алып тастаған жағдайда аюдың жүні адамның шашы сияқты мұзға оңай жабысады. Сондай-ақ май мұзда сырғанау кезінде үйкелісті азайтып, энергияны үнемдеуге көмектеседі.

Джулиан Кэролан, Дублиндегі Тринити колледжінің магистранты:

Аю терісінің майы құрамында мұздың жабысып қалуына жол бермейтін компоненттер бар. Мысалы, Арктикада жүрген адамның шашы, тіпті мұрты мен қасы да мұзға тисе бірден жабысып қалады. Ал бұл жағдай бізді таңғалдырды.

Сомали жағалауынан өлі дельфиндер табылды 

Сомалидегі Пунтленд жағалауынан 100-ден астам өлі дельфин табылды. Әзірге теңіз сүтқоректілері неден қырылғаны белгісіз. Анықтау үшін сынамалар алынған. Мамандардың сөзіне қарағанда, дельфиндердің қырылуы тордан емес, басқа себептен. Өйткені теңіздегі өзге тіршілік иелері зардап шекпеген. Тергеу жүріп жатыр.

29 мың жұп пингвин көбею үшін қорыққа жіберілді 

Антарктидадағы Инэкспрессибл аралына 29 мыңнан астам АдЕли пингвиндері жұптасу үшін жіберілді. Бастама Қытайдың Антарктида экспедициясы зерттеушілерінің жобасы аясында жүзеге асып отыр. Осыдан 6 жыл бұрын Қытай, Италия және Оңтүстік Корея бірлесіп пингвин қорығын құрды. Бұл жер теңіз биологиялық ресурстарымен байытылған, экологиялық тұрғыдан таза. Мамандар олардың жұптасу кезеңін 1 ай бойы дрондар арқылы бақылайды.

Чжан Цяньи, Антарктида экспедициясының зерттеуші ғалымы:

- Пингвин қорығы 1 шақырым жерді алып жатыр. Ені 400 метр шамалас. Мұнда жыл сайын шамамен 20-30 мың пингвин көбею үшін жіберіледі. Биыл 29 мың құс жөнелтілді. Біз оларды 60 метр биіктітке дрон арқылы жұмыртқалау сәтін бақылаймыз. Кейінгі зерттеулер пингвиндердің дәл осы аралда 7 мың жылдан бері мекендеп, жұптасатынын айғақтап отыр.

Нью-Йоркте құс базарлары уақытша жабылды  

АҚШ-тың Нью-Йорк штатында құс базарлары жаппай жабылып жатыр. Бұған аймақта өршіп тұрған құс тұмауы себеп. Өйткені тексеру барысында құс базарларында тұмаудың 7 жағдайы анықталған. Бірақ билік тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ екеніне сендірді. Барлық базарлар толық дезинфекциялық тазалаудан кейін барып қайта ашылады. Оған дейін құс сататын дүкендер қадағалаушы органның бақылауында болады.

Зообақтағы аңдар балмұздақ жеп жүр  

Ал Бразилияда күн жанып тұр. Адам түгіл зообақты мекендейтін жануарларға да қиынға соқты. Ыстықтан қорғау үшін мамандар аю-қасқыр, маймылға мұздатылған ет пен балмұздақ беріп амалдап жатыр. Бұл зообақ мақұлықтарының салқындап, қатты ыстыққа төтеп беруіне көмектеседі дейді мамандар.

Летисиа Фейтоза, биолог:

- Жануарлар таяқшадағы мұздатылған кәмпиттерді сүйсініп жеді. Кей аңдарға мұздатылған жеміс-жидектер мен көкөністер ұсынылды. Ет те бар. Суықта калориялы азықпен қоректенсе, ыстық күндері осылай амалдаймыз.

Айналамыздағы аң-құс – табиғаттың ажырамас бөлігі. Тіпті жыбырлаған жәндіктің өзі экожүйенің тепе-теңдігін сақтауға көмектеседі. Сол себепті жануарлар әлемін қорғау қоршаған ортаға қамқорлық көрсетумен пара-пар.