Қытайда виза талаптары жеңілдетілді
Қытай виза талаптарын тағы жеңілдетті. Бұл жолы жеңілдік 10 мемлекеттің азаматтары үшін жасалды. Оларға енді елдің оңтүстік-батыс бөлігіндегі Юньань провинциясына жол ашылды.
Осылайша, ел билігі пандемия кезінде құлдыраған туризм саласын қайта қалыпқа келтіруге күш салып жатыр. Визаны оңтайландыру саясатының арқасында Қытайға саяхаттайтын шетелдік туристер саны күрт өсті.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытай визаға қатысты жаңа саясатын жариялады. Ел билігі Оңтүстік-шығыс Азия елдері қауымдастығына кіретін мемлекеттерден келетін туристерге танымал Сишуанбаньна аймағына кіруге рұқсат берді. Енді осы өлкеге 6 күнге дейін еркін саяхаттауға болады.
Бұл Қытайдағы «қаймағы бұзылмаған» ең көрікті автономдық округтің бірі. Мұнда әсіресе шетелдіктер саяхаттауға ерекше құмар. Жүргізілген талдау олардың дені қытайдың мәдениеті, дәстүрі мен табиғатын тамашалауға қызығатындығын көрсеткен. Бұрын туристер елге кірген күннің өзінде, автономдық аймаққа бару үшін қосымша рұқсат алып, құжат рәсімдейтін. Жаңа жүйе туристерді еселеуге бағытталып отыр. Қазірдің өзінде келушілер аз емес. Қытайдың туризм академиясының мәліметіне жүгінсек, биылғы жылдың алғашқы айында 175 ел мен аймақтан 3,4 млн адам саяхаттаған. Оның 700 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға артық. Бірақ бұл Қытай билігінің көңілінен шықпай тұр. Себеп, елде пандемиядан кейін туризм саласынан түсетін табыс әлі де қалпына келмеген. Енді туристерге оңтайлы жағдай жасау мақсатында елде шетелдіктердің қолдануына жеңіл мобильді төлем жүйесі де енгізілді. «Чайна юнион пэй» корпорациясы жүргізген статистикаға сәйкес алғашқы айдың өзінде халықаралық саяхатшылармен жасалған ақша аударымдары 124 пайызға өскен. Сондай-ақ қызмет көрсетуге ерекше мән беріліп жатыр. Вокзалдар мен әуежайларда аудармашы қызметі тегін көрсетіле бастады. Саяхатшылардың қалтасына қарай түрлі деңгейдегі экскурсиялық бағыттар ашылды.
Го Цзякунь, ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
- Кейінгі кезде жүргізіліп жатқан виза саясаты Қытайдың ашық экономика құруға ұмтылысын көрсетеді. Бүгінде трансшекаралық сапарлар кезіндегі құжат рәсімдеуге қатысты 110 жеңілдік енгізіліп отыр. Визасыз транзит кезінде 240 сағатқа дейін Қытайда еркін саяхаттауға рұқсат берілген. 38 мемлекетке біржақты визасыз режим қолданылады. Қытайға визасыз кіруге бағытталған жеңілдіктерді бұдан әрі де жалғастыра береміз.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда виза талаптары әлі де жеңілдейді. Бірақ бірден емес. Бірте-бірте. Кейінгі екі жылдық тәжірибеге сәйкес мұндай өзгерістер жыл сайын екі рет жүргзілетін болған.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын