Әмірлікте халықаралық көлік жүргізу куәлігі талап етіледі
Қазақстанның көлік жүргізу куәлігі әлемнің көптеген мемлекетінде жарамды. Халықаралық Вена конвенциясы аясында азаматтарымызға осындай құқық берілген.
Алайда кей елдерде қосымша құжат талап етіледі. Айталық, Араб әмірліктеріне саяхаттап барған отандастарымыз халықаралық көлік жүргізу куәлігін қоса алып жүруі шарт.
Араб әмірліктерінде қазір туристік маусымның қызған шағы. Шетелдік саяхатшылардың санында шек жоқ. Соның ішінде отандастарымыз да баршылық. Азаматтарымыздың кейбірін қазақстандық көлік жүргізу куәлігі осы мемлекетте қаншалықты жарамды деген сауал мазалайды.
Араб әмірліктерінде кез келген көлік жүргізушісінен куәліктің бірнеше тілге аударылған нұсқасы талап етіледі. Егер ол болмаса қозғалыс құралының рөліне отыруға рұқсат етілмейді. Құжат - тәжірибеде халықаралық көлік басқару куәлігі деп аталады. Оны қазақстандықтар елдегі ірі қалаларда ала алады. Емтихан не сынақ тапсыру міндетті емес. Арнайы мекемелер бірер күнде дайындап береді.
Омар Мусалим, Дубай Полициясы департаментінің сержанты:
- Араб әмірліктеріне келетіндер үшін ескеретін жайт, біздің елде шетелдік көлік жүргізушілеріне халықаралық куәлік алу міндетті саналады. Айыппұл мөлшеріне келсек, оны сот тағайындайды. Егер құжатсыз жүріп жол апатына себепкер болса, жаза тіпті ауырлай түседі.
Дегенмен Дубайда халықаралық құжаты жоқ болса да, көлік басқарып жүргендер жоқ емес. Олар көбіне қысқа мерзімді демалыс кезінде заңсыз әрекетке барады. Мұндай жағдай жергілікті полиция органдарының назарына іліксе, жауапкершілік жеңіл болмайды. Әмірлікке қарасты полиция департаменті осыған қатысты жылына шамамен 20 шақты жағдай тіркелетінін айтады.
Омар Мусалим, Дубай Полициясы департаментінің сержанты:
- Дубайда 14 полиция департаменті бар. Әрқайсысында жаза тағайындайтын сот жүйесі құрылған. Халықаралық көлік басқару куәлігінсіз жүргендерді жеке-жеке қарайды. Қалада туристер көп болғандықтан, кейде түсіністік танытатын кезіміз де болады. Яғни меймандарды ренжітпегенді жөн санаймыз.
Айта кетейік, АҚШ, Еуропа, Араб мемлекеттері, Қытай және Түркияның көлік жүргізу куәліктері әмірлікте толық жарамды. Халықаралық нұсқасы талап етілмейді. Таяуда сол тізімге ТМД кеңістігінен Армения қосылды. Келісім екі жаққа да тиімді шарт негізінде жасалған. Есесіне қазір араб жерінде тұрып жатқан армениялықтар қосымша құжат рәсімдеп, уақыт және ақша шығындамайды. Ал әмірлікте іскерлік мақсатта жүрген біздің ел азаматтарына келсек, жағдай басқаша. Отандастарымыз емтихан тапсырып, жергілікті жүргізуші куәлігін алуы міндетті.
Авторы: Рауан Мыңбай