Әлемде ауа райы құбылып тұр. Шартарап
Биыл қысы қатты Ібір-Сібірдің өзінде күн күлімдеп тұр.
Ресейде бәйшешек бүр жарып, жер беті қар емес, жасыл желекке орана бастады. Бірақ дүниенің бәрі жайқалып тұрған жоқ. АҚШ-та қар қалың түсіп, оңтүстік-шығысын су басып жатыр. Ал Моңғолияға жұт қаупі төніп тұр. Басқа жерде де климат құбылып тұр. Біраз елде жазда күн шыжып, қысы жылып кеткені белгілі. Бірақ әлі қыс біткен жоқ. Кәрі құда әлі әлек салып жатқан аймақтар бар.
АҚШ-та күн 50 градусқа дейін суытады
Бір аптадан соң наурыз туады. Көктемнің алғашқы лебі сезіледі. Бірақ АҚШ-тың біраз аймағында күн әлі қақап тұр. Тіпті, оңтүстік-шығысындағы Кентукки штатында бірнеше күн бойы жаңбыр шелектеп жауып, артынша аймақты су басты. 14 адам опат болған. Олардың дені суыққа шыдас бермей, көз жұмған. Мыңдаған үй жарықсыз, сусыз, жылусыз отыр. Метереологтар тасқыннан соң боран соғуы мүмкін деп болжайды.
Нина Моусли, Wayside Christian Mission компаниясының бас директоры:
-Тақап қалған боран өте қауіпті. Бұған дейін де мұндай жағдайға куә болғанбыз, соның кесірінен біраз адамды жоғалттық. Қазір табиғат апатына дайындық қызу. Көшедегі адамдар желден уақытша жасырынып, жылынатын арнайы орындар әзірлеп жатырмыз.
Полярлық боран ТеннессИ, Вирджиния мен ДжОрджия штаттарына да соғып, батыс Вирджинияны су шайып кетті. Ауа райы қызметінің мәліметі бойынша, оңтүстік және солтүстік Дакота мен Миннесотаның кей аумақтарында жел күшейеді деген хабар бар. Күн 50 градусқа дейін суытады. Метеорологтар бұл штаттарда осы маусымда ең суық жел тұрады деп ескертті. Қолайсыз күн райының қашанға дейін созылатыны белгісіз.
Ресейде бәйшешек бүр жарды
Әдетте қысы қатты, тоңы сіресіп жататын бұл аймаққа көктем кеш келетін. Бірақ биылғы жағдай өзгеше. Қыс жайлы өтті. Мәскеу мемлекеттік университеті ғалымдарының айтуынша, 12 түрлі қар бүршігінің үшеуі гүлдеп үлгерді. Сынап бағанасы бұл маусымға тән орташа температурадан 11 градус жылы. Күннің бұлай жылуы жергілікті халықты да қайран қалдырды. Орыс православие христиандары қысқы шомылу дәстүрін биыл атқара алмады.
Владимир Чуб, ММУ ботаника бағының жетекшісі:
-Биыл қардың аз түскеніне таңғалдық. Өйткені қыстыгүні қар жамылғысы өсімдікті суықтан қорғаса, көктемде ылғал көзі ретінде қызмет етеді. Ал ақ ұлпаның азаюы топырақ астындағы өсімдіктің құрғауына әкеледі. Енді көктемде жасыл желек аз шығуы мүмкін.
Леонид Старков, Gismeteo бас метереологы:
-Биыл қыс осымен екінші рет ел тарихында жылы болды. 2020 жылы жергілікті халық осы маусымды жайлы өткізген еді. Бұл климаттың экстремалды күйге ауып бара жатқанын айғақтайды. Не тым қатты, не тым ыстық болады.
Моңғолияны жұт жайлауы мүмкін
Ресейде қыс жайлы болғанмен оның іргесіндегі Моңғолияны жұт жайлауы мүмкін. Ен даланың шамамен 80 пайызын әлі қалың қар басып жатыр. Мамандардың сөзіне қарағанда, биыл ақ және темір жұт келген. Өйткені қар тым көп түсуі себепті көктемде еріп үлгермеуі мүмкін. Сондықтан мал аузы уақытылы көкке тимесе, әрі қатты суықтан үсіп, қырылып қалуы ықтимал. Моңғолиядағы БҰҰ Кеңсесінің мәліметіне қарағанда, 190 мыңға жуық малшының күнкөрісі қиындаған. Жем-шөп түгесіліп, баға күрт өскен. Ал Моңғолияда қазір 64 миллион бас мал бар.
Саха елінде күн күлімдеп тұр
Моңғолиямен көрші, қысы қатты, бұл уақта ызғырып тұратын Саха жұртында күн күлімдеп тұр. Әдетте орташа температура минус 60-қа дейін баратын бұл аймақ биыл қысты жайлы өткізді. Биыл сынап бағанасы минус 15 градус, ал түнде бар болғаны 20-25-ке төмендеген. Осылайша, қыс қалыпты температурадан кемі 25 градус жылы болды.
Қалай болғанда да, әр мезгілдің өзіне тән қалыпты күн райы болғаны дұрыс. Бірақ климат өзгерісі қысты жылытып, жазды одан әрі ысытып барады. Мұның соңы не боларын болжау қиын. Әзірге бұл құбылысты тоқтауға адамзат қауқарсыз болып тұр.