Қытайлар Айда жүретін көлік жасап шығарды

Елдің ғарыш агенттігі оның алғашқы нұсқасын сынақтан өткізіп, жер серігіне жөнелтуге дайындалып жатыр.

Жаңа техника ғарышкерлерге Айда зерттеулерді ұзақ жүргізуге мүмкіндік бермек. Қытай инженерлері көлікпен ашық кеңістікке шыққанда киетін жаңа скафандрды да таныстырды.

Ай көлігі "Тансуо" деп аталады. Мағынасы «Белгісізді зерттеу» дегенді білдіреді. Төрт дөңгелекті жаңа техника ай бетінің ойлы-қырлы бедерімен жүруге ыңғайлы. Оған екі ғарышкер қатар отыра алады. Бұл ғалымдарға айда шапшаң қозғалып еркін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.

Чжан Чунфэн, бас конструктордың орынбасары:

- Бұл ғарыш саласындағы маңызды жаңалық. Қазір ол жобалау мен инженерлік сынақтан өткізіліп жатыр. Алғашқы тәжірибені арнайы полигонда жүргіздік. Онда бәрі Айдағы жағдайға ұқсас етіліп жасалған. Температура мен қысым, топырақ бәрі тура сол жақтағы сияқты етіп әзірленген. Дегенмен әлі де жетілдіретін тұстары бар

Агенттік өкілдерінің айтуынша енді зерттеу жұмыстары жеңілдейді. Сонымен қатар Ай құпиясын ашу миссиясының сапасы артады. Алайда көлікті пайдалану үшін арнайы киім керек. Ғалымдар оны да жасаған. Жаңа скафандрдың мүмкіндіктері көпшілікке таныстырылды.

Чжан Ваньсинь, Зерттеу және ғарышкерлерді дайындау кеңсесінің директоры:

- Бұл скафандр бұрынғы «Фейтян» ғарыш костюміне қарағанда шағын әрі жеңіл. Онымен ғарышкерлер тез қозғала алады. Тіпті саусақтарын қимылдатып ай бетінен тастарды да тере алатын болады. Қазір сынақ алаңында тексерістер жүргізіліп жатыр. Оған елдің білікті мамандары жұмылдырылған.

Қытай алдағы 10-15 жылда айды терең зерттеуге ниетті. Тіпті онда станция салып, зерттеу жұмыстарын тұрақты жүргізуді көздеп отыр. Орталықтың моделі 2028 жылы дайын болмақ. Ал жобаны 2040-шы жылға қарай аяқтау жоспарда бар.  Жалпы Қытай билігі айға қысқа мерзімді туристік саяхат ашуды да қалайды. Жер серігіне саяхатшыларды тасымалдау 2030 жылы басталуы мүмкін.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын