АҚШ-та автомектептер аз
Ал әлем елдерінде жүргізуші куәлігін алудың жолдары әртүрлі. Мәселен, АҚШ-та арнайы курстардан өтіп, көлік жүргізуге дайын екеніңізді дәлелдейтін құжат болса жеткілікті.
Ал Еуропа елдерінде жүйе әлдеқайда қатаң.
АҚШ-тың әр штатында жол жүру ережесіне қатысты заң әртүрлі. Мәселен, Нью-Йоркте жүргізуші куәлігін алу үшін, арнайы курстардан өту керек. Ал Вашингтонда тек кәмелет жасқа толмағандар оқытылады. Сондай-ақ, бірқатар штатта жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер міндетті түрде қайта оқыту курстарынан өтеді. Негізінен елде автомектептер аз. Өйткені жаппай міндетті оқыту қарастырылмаған. Тек әртүрлі бірлестіктерге біріктірілген. Жүргізуші куәлігін алу үшін үміткер алдымен теориялық, сосын пракикалық емтихан тапсырады. Практикалық емтиханға өз бетінше дайындалуы үшін уақытша жүргізуші куәлігі беріледі. Бірақ бұл жолда алаңсыз көлік айдауға болады деген сөз емес. Шектеулер бар. Мәселен, жолаушыларды тасымалдауға, түнде көлік жүргізуге тыйым салынған.
Германияда жол ережесі бойынша жеке сабақтар өткізуге болмайды
Ал Германияда 10 мыңнан астам автомектеп бар. Ең үлкені Мюнхенде орналасқан. Онда 100 мыңнан астам оқытушы сабақ береді. Өйткені елде жүргізуші куәлігін алу үшін жеке сабақтар өткізуге заңмен тыйым салынған.
Тіпті сынақтан алғаш өткен үміткерге берілетін жүргізуші куәлігінің жарамдылық мерзімі шектеулі болады. Өйткені, 2 жыл ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзбауы маңызды. Содан кейін ғана, уақытша құжат тұрақты куәлікке ауыстырылады. Егер, уақытша жүргізуші куәлігімен жүріп жол ережесін бұзса, 40-тан мың еуроға дейін айыппұл салынады. Тіпті, айыппұл балы шекті көрсеткішке жетсе, жүргізуші куәлігінен айырылады. Ал айыппұл балын семинарларға қатысу арқылы қысқартуға мүмкіндік бар.
Норвегияда жүргізуші куәлігі уақытша беріледі
Норвегияда да жүргізуші куәлігі алдымен уақытша беріледі. Емтихандағы жақсы нәтиже тек 3 жылға жарамды. Оны жаңарту үшін тағы емтихан тапсыру керек. Ол екі кезеңнен тұрады. Теориялық және практикалық. Үміткер санының көптігіне байланысты, екеуінің арасындағы алшақтық 3 айға созуылуы мүмкін. Жалпы Еуропада емтихан өткізу шараларын Көлік министрілігі қатаң қадағалайды. 20-25 маманнан тұратын арнайы топ құрылған. Емтихан алушының жасы ең кемі 24-тен асқан болуы керек. Жоғары техникалық білімі және негізгі мамандығы бойынша кемінде 1,5 жыл жұмыс өтілі болуы міндетті. Сондай-ақ көлік құралдарының барлық түрін басқаруға құқық беретін құжаты болуы керек.
Авторы: Фариза Жанғанаева